Алматының Қарағайлы қорымынан сақ дәуіріне тиесілі бірегей жәдігерлер табылды
Археологиялық зерттеу барысында қойнауы қазынаға толы Алматы маңынан сақ дәуіріне жататын алтын әшекейлер мен бұйымдар табылды.
Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде сақ дәуіріне жататын бірегей алтын бұйым мен адам сүйектерінің көптеген қалдықтары табылды. Алдын ала зерттеу нәтижелеріне қарағанда, б. з. д. IV–III ғасырларға тиесілі қорғаннан төрт ересек адам мен үш баланың сүйегі шығуы мүмкін. Әсіресе аю бейнесінде жасалған шағын алтын мүсіншенің табылуы археологтардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Мұндай жәдігер Қазақстанның ешбір аумағында бұған дейін кездеспеген
2026 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігі Қарағайлы қорымындағы ерте темір дәуіріне жататын қорғанға шұғыл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Зерттелген қорғанның диаметрі 25–26 метр болса, биіктігі шамамен 2,5 метрді құрайды.
Алдын ала мерзімдеу бойынша, тарихи ескерткіш сақ дәуіріне, яғни б. з. д. IV–III ғасырларға жатады
Археологтар қорғанның ежелгі заманда тоналғанын анықтаған. Оны тонаушылар қазған шұңқырдың тереңдігі шамамен 3 метрге жетеді.
Қазба жұмыстары барысында мамандар біраз адам сүйектерін де тапты. Алдын ала болжам бойынша, бұл қорғанда төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін. Дегенмен олардың нақты саны әлі анықталған жоқ. Сүйек қалдықтарымен бірге сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары да табылды. Қорған ежелгі заманда тоналғандықтан, көптеген жәдігерлер бастапқы орнынан қозғалып, жан-жаққа ретсіз шашылып қалған.
Археологтардың назарын аударған ең құнды олжалардың бірі аю бейнесінде жасалған шағын алтын мүсінше. Мамандардың болжамынша, бұл бас киімді безендіруге арналған құйма алтын әшекей болуы мүмкін. Оның бетінде арнайы тесіктердің болуы бұйымның киімге немесе бас киімге тігіліп тағылғанын аңғартады.
Мұндай әшекейлер сақ дәуіріндегі киім үлгісіне тән болған
Қазақстан аумағындағы басқа археологиялық олжалар да осыны дәлелдейді. Мәселен, Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» бас киімінен арқар бейнесіндегі алтын әшекей анықталған. Ал 2014 жылы Көкқайнар қорымында барыстың шағын мүсіні табылған. Ол да бас киімнің сәндік элементі ретінде пайдаланылған деген болжам бар. Осыған қарап, сақ дәуірінде жануарлар бейнесіндегі әшекейлердің тек сәндік бұйым ғана емес, сол кезеңдегі дүниетаным мен мәдениеттің маңызды бөлігі болғанын аңғаруға болады.
Қарағайлы қорымындағы зерттеу жұмыстары әлі де жалғасады
Мамандар жерлеу рәсімінің ерекшеліктерін анықтап, қорғанда нақты қанша адамның жерленгенін білу үшін қосымша сараптамалар жүргізеді. Бұл жұмысқа антрополог мамандар да тартылады. Әсіресе бір қорғаннан адам сүйектерінің осыншама көп мөлшерде табылуы зерттеушілер үшін ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені Қазақстан аумағында мұндай жерлеу үлгісі жиі кездесе бермейді. Әдетте көлемі осындай қорғандар бір немесе екі адамды жерлеуге арналған.
Зерттеу тобындағы мамандар пікірі
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісовтің айтуынша, табылған адам сүйектерінің нақты санын анықтау және жерлеу жағдайларын толық зерттеу үшін қосымша ғылыми жұмыстар қажет.
Ал бірлестік директоры Ләззат Сағындықова аю бейнесіндегі шағын алтын мүсіннің Қазақстан үшін айрықша тарихи маңызы бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл олжа Еуразия кеңістігіндегі ежелгі мәдени байланыстарды зерттеуге тың мүмкіндік береді.
«Аюдың мүсін бейнесі — Қазақстан үшін бірегей олжа. Бұған дейін мұндай жәдігер табылған емес. Бұл жаңалық Қара теңіз жағалауынан Алтайға дейінгі Еуразия кеңістігіндегі мәдени сабақтастық пен ортақ белгілерді зерделеуге мүмкіндік береді», — дейді Ләззат Сағындықова.
Құнды жәдігерлерді Алматы халқы музейден тамашалай алады
Археологиялық зерттеулердің толық аяқталып, табылған бұйымдарға қажетті ғылыми сараптамалар жүргізілгеннен кейін ең құнды жәдігерлерді Алматы музейіне қою жоспарланып отыр. Осылай қала тұрғындары мен қонақтары сақ дәуірінен жеткен бірегей тарихи мұраны өз көздерімен көре алады.
Айта кетейік, Алматы қаласы музейлер бірлестігі археологиялық зерттеулермен 2022 жылдан жүйелі түрде айналысып келеді. Сол жылдан бері мекеме археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арнайы лицензия алып, қала аумағындағы тарихи ескерткіштерді өз күшімен зерттеуге кіріскен.
Бірлестіктің алғашқы маңызды олжаларының бірі 2022 жылы Алатау ауданындағы ерте темір дәуіріне жататын қорғаннан табылды. Зерттеу кезінде б. з. д. V–II ғасырларға тиесілі сақ жауынгерінің мазары анықталды. Қуанарлығы жерлеу орны ежелгі заманда тоналмай, бастапқы қалпында сақталған. Қазба барысында алтынмен әшекейленген қылыштың сынықтары, сақтардың аң стилінде жасалған алтын бұйымдары, күміс әшекейлер мен адам сүйектері табылды. Бұл олжалар сол кезеңдегі жауынгерлердің қару-жарағы, киім үлгісі мен зергерлік өнері туралы тың мәліметтер берді.
Шетелдік зерттеушілер де қызығушылық танытуда
2024 жылы Алатау ауданындағы тағы бір қорған зерттеліп, оның аумағынан адам сүйектері, қоладан жасалған бекіткіш бөлшектер мен шегелер табылды. Сол жылы «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағында Италия мен Франция мамандарының қатысуымен геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Заманауи технология көмегімен ғалымдар тарихи ескерткіштердің жер асты құрылымын зерттеп, археологиялық нысандардың ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік алды.
Ал 2025 жылы ерте темір дәуіріне жататын қорғандардың бірінен ежелгі тонаушылар қазған жасырын жол табылды. Осыған байланысты мамандар қорғанның құрылымдық ерекшеліктерін, оның қандай жолмен зақымданғанын және бүгінгі күнге дейін қаншалықты сақталғанын зерттеді.
Мұның бәрі Алматы аумағының тарихы тек кейінгі ғасырлармен шектелмейтінін, бұл өңірдің ерте темір дәуірінде де маңызды мәдени және тарихи орталықтардың бірі болғанын көрсетеді. Қала маңындағы қорғандардан табылып жатқан әрбір жәдігер ежелгі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, жерлеу дәстүрі, зергерлік өнері мен өзге халықтармен мәдени байланыстары туралы жаңа деректер ұсынады.
Тарихи нысандарды сақтауға басымдық беріледі
Бүгінде Алматы қаласы музейлер бірлестігі археологиялық зерттеулерді жалғастырып, жойылып кету қаупі бар тарихи нысандарды сақтауға басымдық беріп отыр. Бұл жұмыс тек көне қорғандарды қазумен шектелмейді. Оған заманауи ғылыми әдістерді қолдану, табылған бұйымдарды зертханалық өңдеуден өткізу, олардың тарихи кезеңін анықтау және ғылыми айналымға енгізу де кіреді.
Қарағайлы қорымынан табылған аю бейнесіндегі алтын мүсінше — Алматының ежелгі тарихын тереңірек тануға жол ашатын маңызды жаңалық. Бір қарағанда шағын ғана әшекей болып көрінетін бұл бұйым бірнеше мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың мәдениеті мен дүниетанымынан сыр шертеді.
Археологтардың алдағы зерттеулері қорғанның құпиясын ашып, сақ дәуіріндегі жерлеу дәстүрлері мен Еуразия халықтарының мәдени байланыстары туралы бұрын белгісіз болған мәліметтерді ашуы мүмкін.
Әрбір осындай олжа — өткенімізді тануға, тарихи мұрамызды сақтауға және оны келер ұрпаққа жеткізуге қосылған құнды үлес екені сөзсіз.


