OrdaMed басшысы ұсталды ма? Грузиядан миллиардтаған алаяқтыққа күдікті экстрадицияланды
Бас прокуратура Грузиядан Қазақстандағы медициналық жабдықтар мен мемлекеттік сатып алу алаяқтығына қатысты күдіктіні экстрадициялады.
Ер адам экстрадицияланды. Оның аты-жөні ашық айтылмаған, бірақ іс сипаттамасына сүйенсек, ол қаңтар айында іздеу салынған OrdaMed негізін қалаушы Еркін Ділімбетов болуы мүмкін. Негізі медициналық жабдықтарға қатысты алаяқтық іс бойынша 4,5 млрд теңге шығын туралы мәлімделген.
Бұл іс бойынша алғашқы ақпарат 2026 жылғы 26 қаңтарда жарияланды. Сол кезде ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі OrdaMed акционерлік қоғамының медициналық бұйымдарды жалған отандық өндіріс ретінде көрсетіп, мемлекеттік сатып алуларда заңсыз артықшылықтарға ие болғанын мәлімдеген еді.
Тергеу деректеріне сәйкес, компания 28 түрлі медициналық жабдықты мемлекеттік медициналық ұйымдарға жеңілдікпен жеткізу кезінде отандық өндіруші мәртебесін пайдаланған. Сол кезде компанияның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндіріс басқармасының басшысы сот санкциясымен қамауға алынған.
Тінту барысында компания басшылығынан құны 1 миллиард теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленген. Сол кезде «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы үлестерге тыйым салынғаны хабарланған.
Бұл іске қатысты тағы бір маңызды жайт — Денсаулық сақтау министрлігі OrdaMed компаниясының медициналық бұйымдарына берілген барлық 53 тіркеу куәлігінің қолданысын тоқтатқан. Министрлік мәліметінше, бұл шешім тексерулер мен тергеу шараларына байланысты қабылданған.
Ал компания басшылығы тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген. OrdaMed негізін қалаушы Еркін Ділімбетов 2026 жылғы 27 қаңтарда жариялаған ресми мәлімдемесінде компания жеткізген жабдықтардың зауыттарда өндірілгенін, тіркеуден өткенін және Қазақстанның медициналық мекемелеріне нақты жеткізілгенін айтқан. Оның пікірінше, дау өндірістің жергіліктендірілуі мен құжаттарды рәсімдеу мәселелеріне байланысты туындаған.
Бас прокуратура мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Грузиядан Қазақстанға іздеуде жүрген жеті адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі мүлікті иемдену және жымқыру деректері бойынша іздеуде болған.
Қазіргі уақытта Еркін Ділімбетовке қатысты тергеу мен сот процесінің одан әрі қалай өрбитіні қоғам назарында. Айта кетейік, оған тағылған айыптар әзірге сотта дәлелденген жоқ.
Күдіктінің кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен ғана анықталады.


