Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары жылу мәселесіне шағымданды
Үкімет отырысында Олжас Бектенов Қазақстанның барлық өңірінде жылу беру маусымы басталғанын мәлімдеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жылумен жабдықтаудағы мәселелерді жедел шешіп, апаттық қызметтерді қысқы кезеңге дайындауды тапсырды. Оның айтуынша, жылу беру бекітілген кестеге сәйкес жүргізілгенімен, тұрғындардан әлі де шағымдар түсіп жатыр.
«Сонымен қатар тұрғындар жылу сапасына және оның уақытша өшуіне қатысты шағымдануда. Атап айтқанда, Ақтау, Павлодар және Петропавл қалаларының тұрғындарынан өтініш түсті», — деді премьер-министр.
Олжас Бектенов әкімдерге өңірлік штабтардың жұмысын күшейтуді, тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруді және апаттық бригадалар мен арнайы техниканы қысқы жағдайға дайындауды тапсырды.
Бұдан бөлек, әкімдер халыққа арналған көмір қорының жеткілікті болуын және оның бағасының тұрақтылығын бақылауы тиіс.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі мен әкімдіктерге энергетикалық нысандардағы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, қажетті қосалқы жабдықтар қорын қалыптастыру міндеттелді.
«Жылыту кезеңінде халықты тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Әлеуметтік нысандарға ерекше назар аудару қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің тапсырмаларының орындалуын бақылау премьер-министрдің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

