Илон Маск ШҚО-да құтқарылған адамдар туралы жазды
Америкалық миллиардер Илон Маск Шығыс Қазақстан тауындағы бес адамның құтқарылуына қатысты пікір білдірді.
Оның әлеуметтік желідегі жазбасы халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары назарын аударды.
8 қарашада Илон Маск X әлеуметтік желідегі парақшасында қысқа жазба жариялады.
«Starlink адам өмірін құтқарады» деп жазды ол.
Осылай миллиардер Шығыс Қазақстан тауындағы бес адамның құтқарылғаны туралы жазған желі қолданушысының жарияланымына пікір білдірген. Оқиға барысында спутниктік интернет жүйесі — Starlink адамдарға ұялы байланыс ұстамайтын жерде құтқарушылармен хабарласуға мүмкіндік берген.
Илон Маск — америкалық кәсіпкер, миллиардер, SpaceX ғарыш компаниясының негізін қалаушы. Оның компаниясы Starlink спутниктік интернет жүйесін дамытып келеді. Сонымен қатар ол электромобиль шығаратын Tesla компаниясын басқарады және бұрын Twitter аталған X әлеуметтік желісінің иесі.
Оқиға қазан айының соңында болған. Бұған дейін құтқару операциясы туралы Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлаған еді.
Күршім ауданында бес адам мінген жол талғамайтын көлігі бұзылып қалған. Олар Күршім ауылынан шамамен 15 шақырым қашықтықтағы таулы жерде болған. Бұл аумақта кәдімгі ұялы байланыс болмағанымен, адамдар Starlink арқылы құтқарушылармен байланысқа шыға алған.
"Құтқарушылар „Трэкол“ қарда жүретін көлігімен шамамен 100 шақырым жол жүріп, адамдарға жетті. Кейін бұзылған автокөлікті Күршім ауылына дейін алып барды. Ешкімге медициналық көмек қажет болған жоқ" деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, Starlink — Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының спутниктік интернет жүйесі. Ол Жер орбитасындағы спутниктер арқылы интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Жүйенің басты артықшылығы — ұялы байланыс желісі жетпейтін шалғай елді мекендер мен таулы аймақтарда да интернетті пайдалануға жағдай жасауы.

