KZ
RU KZ

Энергетика министрі: коммуналдық қызметке ай сайын 75 мың теңге төлеймін

Бұл туралы министр 10 қарашада Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде айтты.

Ерлан Ақкенженов
Ерлан Ақкенженов Фото: ҚР Үкіметі

Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ай сайынғы жалақысы мен коммуналдық қызметтерге төлейтін ақшасының мөлшерін жариялады. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтегі айлық табысы шамамен 1,2 миллион теңге, ал тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге ай сайын 75 мың теңге жұмсайды.

Министр Астанадағы Highvill тұрғын үй кешенінде тұрады. Оның сөзінше, коммуналдық төлемдердің ішіне интернет пен автотұрақты жалға алу ақысы кірмейді. 

«Мен Highvill тұрғын үй кешенінде тұрамын. Коммуналдық қызметтерге ай сайын 75 мың теңге төлеймін. Оның ішіне интернет пен автотұрақты пайдалану ақысы кірмейді. Автотұрақты жалға аламын. Мемлекеттен алатын жалақым шамамен 1,2 миллион теңге», — деді Ерлан Ақкенженов.

Осылайша, министрдің коммуналдық төлемдерге жұмсайтын 75 мың теңгесі айлық жалақысының шамамен 6,25 пайызына тең. Ал интернет пен автотұрақ ақысын қосқанда оның тұрғын үйге байланысты ай сайынғы шығындары бұдан да жоғары болуы мүмкін. Алайда бұл шығындардың нақты мөлшерін министр жариялаған жоқ.

Айта кетейік, министр өзінің жылдық табысы туралы бұған дейін де мәлімдеген болатын. 2026 жылғы 28 қаңтарда Мәжіліс дәлізінде журналистер сұрағына жауап берген Ерлан Ақкенженов 2025 жылы жалақыдан басқа қосымша табыс көзі болмағанын айтқан.  Ал сыйақыларды қоса есептегендегі бір жылдық жалпы табысы 20 миллион теңгеден сәл асқан.

Министрдің коммуналдық төлемдері туралы мәлімдемесі елде тариф мәселесі қайта талқыланып жатқан тұста жарияланды. Қазақстанда реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге енгізілген мораторий 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталғаннан кейін өңірлерде электр энергиясы, жылу, су және басқа да қызметтердің бағасы кезең-кезеңімен қайта қарала бастады.

Мәселен, Астанада жылу тарифі 15 пайызға, су және су бұру қызметтерінің құны шамамен 29 пайызға өскен. Алматыда жылу тарифі 5 пайызға қымбаттаған.

Ал 4 қарашада Үкіметтегі брифингте Ерлан Ақкенженов көмір мен электр энергиясының көтерме бағасын қайта көтеру мәселесі әзірге қарастырылмайтынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, министрлік қазіргі уақытта электр энергиясының тарифін арттыруды жоспарлап отырған жоқ.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.