Ақтөбеде қытайлық азамат қалыңдығына алданып, 30 млн теңгесінен айырылды
Ақтөбеде жұмыс істейтін Қытай азаматы үйлену желеуімен жасалған алаяқтықтың құрбаны болғанын айтты.
Оның сөзінше, болашақ жары той ұйымдастыруға 8,5 миллион теңге алғаннан кейін қарым-қатынасын үзген.
Қытай азаматы Қазақстанға 2023 жылы жұмыс бабымен келіп, әлеуметтік желі арқылы ақтөбелік қызбен танысқан. Қыз оған әкесінің отбасын тастап кеткенін, ал анасының жол апатынан қайтыс болғанын айтып, қаржылай көмек сұраған.
«Ипотекасын төлеу үшін 1 миллион 433 мың теңге аудардым. Сондай-ақ інісінің отасына, оқу ақысына және басқа да қажеттіліктеріне ақша сұрады. 3 миллион 800 мың теңге қарызға алды. Ақшаны өзі ұсынған басқа адамдардың банк шоттарына аудардым», — дейді ер адам.
2026 жылдың жазында жігіт сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасап, екеуі Қытайға ата-анасымен танысуға барған. Болашақ қайын жұрты қызға отбасылық құнды әшекейлер мен бағалы сыйлықтар берген.
Кейін қыз Ақтөбедегі үйлену тойын ұйымдастыру үшін 8,5 миллион теңге сұраған. Алайда жігіт мейрамханаға хабарласқанда ешқандай тапсырыс берілмегенін анықтаған. Сондай-ақ қыздың анасы тірі екенін, әкесі де онымен бірге тұратынын білген.
«Жақсы ұйымдастырылған қылмыстық жоспардың құрбаны болдым деп есептеймін. Отбасылық әшекейлерді қоса есептегенде, маған кемінде 30 миллион теңге шығын келді. Менің отбасым ауқатты емес. Бұл біз үшін аз ақша емес», — дейді Қытай азаматы.
Ақтөбе облысының полиция департаменті қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істің тоқтатылғанын хабарлады. Бұл шешім прокуратурамен келісілген. Ер адамға азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну құқығы түсіндірілген.
Қытай азаматы полиция шешіміне шағымданып, қажет болған жағдайда Қазақстан президентіне дейін жүгінуге ниетті. Дегенмен ол қаржылық көмекті ешбір қысымсыз өз еркімен бергенін де мойындайды.

