Шуда әйел ауыр соққыдан кейін комаға түсті: туыстары полицияның әрекетсіздігіне шағымданды
Жамбыл облысының Шу қаласында 1976 жылы туған әйел ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Қазір ол комада жатыр. Жәбірленушінің туыстары әйелді бұрынғы бірге тұрған ер адам соққыға жыққанын айтып, полицияның әрекетсіздігіне шағымданды. Бұл туралы «НеМолчи» қоғамдық қоры мәлімдеді.
24 қарашада әйел Шу қаласындағы ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, жәбірленушінің басына ауыр затпен соққы жасалған. Оның миы шайқалып, бетінде көптеген гематома мен соққы іздері анықталған.
«Ұйықтап жатыр деп ойладым»: ер адам 10 сағат бойы жедел жәрдем шақырмаған
Жәбірленушінің қызының айтуынша, оқиға әйелмен бұрын бірге тұрған ер адамның үйінде болған. 23 қараша таңертең ер адам әйелді ұрып-соққан, салдарынан ол есінен танып қалған.
Алайда ер адам әйелдің ес-түссіз жатқанын байқамағанын, оны ұйықтап жатыр деп ойлағанын айтқан. Ол шамамен 10 сағаттан кейін ғана жедел жәрдем шақырған. Ер адамның көру қабілетіне байланысты бірінші топтағы мүгедектігі бар.
Кәмелетке толмаған куәгерге қоқан-лоққы көрсетілген
Қор мәліметінше, таңғы сағат 7:30 шамасында үйге кәмелетке толмаған жасөспірім келген. Күдікті оны дүкенге сүт сатып алуға жұмсаған. Қайтып келген жасөспірім асүйдің еденінде жайылған қанды көріп, әйелдің жағдайын сұраған. Ер адам оған әйелдің ұйықтап жатқанын айтқан.
Жасөспірім үйден кетпек болғанда ер адам оған қоқан-лоққы көрсеткен.
«Сен ешқайда бармайсың, тым көп нәрсе білесің», — деген ол.
Қорыққан жасөспірім үйден қашып шыққан.
Туыстары полицияны салғырттық танытты деп айыптады
Жәбірленушінің отбасы Шу қаласындағы полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразы. Олардың айтуынша, жедел жәрдем келгеннен кейін оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы барған. Алайда ол үйдегі қан іздерін көрсе де, оларды тіркемей, заттай дәлелдемелерді сақтау шараларын қабылдамастан кетіп қалған.
Ал жауап алу барысында әйелмен бұрын бірге тұрған ер адам оның өздігінен «бес рет құлағанын» мәлімдеген. Дегенмен дәрігерлер жарақаттың ауыр затпен жасалған соққыдан болғанын айтып отыр.
Туыстары істі нақты кім жүргізіп жатқанын да анықтай алмай жүргендерін жеткізді. Олардың сөзінше, полиция куәгерлерді іздестірмегендіктен, отбасы оқиға куәгерлерін, соның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімді өздері тауып, полиция бөліміне апаруға мәжбүр болған.
Полицияның әрекетсіздігінен отбасы прокуратураға шағым түсірген.

