Астанада стендап-әзілкеш сахнада боқтық сөз айтқаны үшін 86,5 мың теңге айыппұл төледі
Астанада өнер көрсеткен стендап-комик көрермен алдында балағат сөз айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы Астана қаласының соты хабарлады.
2026 жылғы 7 қарашада мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сот азамат Қ.-ға қатысты істі қараған. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша айып тағылған.
Сот мәліметінше, стендап-комик өнер көрсеткен кезде көрермен алдында әдепсіз сөз айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізген. Ол айыппұлмен шектелуді сұрап, алдағы уақытта мұндай құқық бұзушылыққа жол бермеуге уәде берген. Қорғаушысы да оның өтінішін қолдаған.
Істің мән-жайын, айыпталушының кінәсін мойындауы мен өкінуін ескерген сот оған 20 АЕК, яғни 86,5 мың теңге айыппұл салды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

