Алматыда жүргізушісіз көліктер 122 көшемен жүреді
Алматы әкімдігі жүргізушісіз жүретін көліктерді сынақтан өткізуге арналған 122 көшені бекітті. Тиісті құжат күшіне енді.
Тізімге шағын және ірі көшелер мен даңғылдар енгізілген. Олардың қатарында Абай, Әл-Фараби, Райымбек, Достық және Назарбаев даңғылдары, Гоголь, Төле би, Құрманғазы, Тимирязев көшелері, сондай-ақ Жібек жолы даңғылы бар.
Бұдан бөлек, сынақ бағыттары Шығыс айналма жолы, Құлжа тасжолы және әуежай маңындағы жекелеген көшелерді қамтиды.
Кейбір жолдарда жүргізушісіз көліктер тек белгіленген учаскелер шегінде ғана жүре алады. Мысалы, Әл-Фараби даңғылында Жароков көшесінен Керей және Жәнібек хандар көшесіне дейінгі аралықта ғана жүруге рұқсат берілген.
Жүргізушісіз такси жолаушыларды қашан тасымалдай бастайды?
Сынаққа қатысатын көліктер белгіленген қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек.
Құжатта автоматтандырудың екі деңгейі қарастырылған:
- 3-деңгей: көлік өздігінен қозғала алады, бірақ төтенше жағдайда рөлді басқаруды өз қолына алу үшін салонда жүргізуші міндетті түрде болуы керек.
- 4-деңгей: көлік қалыпты қозғалыс жағдайында барлық динамикалық басқару міндеттерін толықтай автономды орындай алады.
Әзірге жүргізушісіз көліктердің сынақ сапары қашан басталатыны және жолаушыларды тасымалдауға қай уақытта кірісетіні белгісіз.

