«Отбасы банктегі» үй кезегі сот арқылы 17 жылға шегерілді
Қостанайда ата-анасынан айырылған жетім бала «Отбасы банкті» сотта жеңіп, тұрғын үй кезегіндегі мерзімін 17 жылға шегерді.
Қостанай облысының әкімшілік сотында маңызды дау шешілді. Ата-анасынан айырылған азамат тұрғын үй кезегіне 2009 жылдан бастап қойылуын талап еткен. Ол кезде бұл міндетті өзі тәрбиеленген мектеп-интернат орындауы керек болғанымен, мекеме тиісті өтінішті бермеген.
Сотта мәселе талап қойған адамның пайдасына шешілді.
Қазақстандық азамат 2007 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Кейін ол мектеп-интернатқа орналастырылған. 2009 жылдан бастап тұрғын үйге мұқтаж деп танылғанына қарамастан, интернат әкімшілігі оны баспана кезегіне қоймаған.
Тек 2020 жылы азамат тұрғын үй кезегіне өз бетінше тіркелген. Алайда 2026 жылы ол Қостанай облысының әкімшілік сотына талап арыз берді. Жауапкер ретінде қазіргі уақытта тұрғын үй кезегін жүргізуге жауапты «Отбасы банк» тартылды.
Сот тараптарға медиациялық келісім жасауды ұсынды. Келіссөз нәтижесінде екі тарап өзара тиімді шешімге келді.
«Келіссөз қорытындысы бойынша талап қоюшы мен жауапкер өзара қолайлы шешімге келіп, медиациялық келісім жасасты. Оның шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшыны мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған адам ретінде есепке қойған күнді 2020 жылдан 2009 жылға ауыстыруға міндеттенді» деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот медиациялық келісімді бекітті. Осылайша азаматтың кінәсінен емес, мекеменің әрекетсіздігінен жіберілген тұрғын үй кезегіне тіркелу мерзімі қалпына келтірілді.
Нәтижесінде оның кезектегі тіркелген күні 17 жылға кейін шегерілді.


