Атырау облысында балабақша тәрбиешісі баланы ұрғаннан кейін қылмыстық іс қозғалды
Атырау облысында Индербор кентіндегі «Балдәурен» балабақшасында болған оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғады.
Тәрбиеші бүлдіршіндердің бірінің туған күнін атап өтіп жатқан кезде баланы ұрған.
Еске салайық, оқиға Ұлан есімді баланың екі жасқа толған туған күнін тойлап жатқан кезде видеоға түсіп қалған. Бейнежазбада тәрбиешінің балаларға дөрекі қарым-қатынас жасап, бүлдіршіндердің бірінің арқасынан шапалақпен ұрғаны көрінеді.
Атырау облысының білім басқармасы бұл заңбұзушылықты Индер аудандық прокуратурасы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтағанын хабарлады.
„Солнышко“ тобының кәмелетке толмаған тәрбиеленушісіне тәрбиеші тарапынан күш қолдану дерегі анықталды. Аталған факті бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар Индер аудандық полиция бөліміне жолданды» деп хабарлады білім басқармасы.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатыны айтылды.
Атырау облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Полиция қызметкерлері мектепке дейінгі мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді» деп мәлімдеді полиция.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

