KZ
RU KZ

Ядролық шабадан сүйреген Путин: Қытайдағы «үш алыптың» кездесуі қалай өтіп жатыр?

Трамп, Путин және Си Цзиньпин алғаш рет үшжақты келіссөздер үстелінде бас қосады.

Трамп, Путин, Си Цзиньпин
Трамп, Путин, Си Цзиньпин ЖИ көмегімен жасалды

Әлемдік саясаттың өзекті мәселелерін талқылауға дайындалып жатқан көшбасшылардың кездесуіне журналистер де назар аударып, бірқатар қызықты жайтты байқаған.

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің алғашқы үшжақты кездесуі өтеді. Ресей, АҚШ және Қытай басшылары Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммитіне қатысу үшін қалаға келіп, бұған дейін экономикалық мәселелердің бірқатарын талқылаған.

Алайда басты оқиға әлі алда. Астана уақыты бойынша 19 қараша күні түске таман «үш алып» бір үстел басына жиналмақ.

Бірін өзі арнайы қарсы алды, екіншісі елеусіз қалды

Келіссөздер басталмай тұрып-ақ журналистер бірнеше қызықты жайтқа назар аударды. Мәселен, Си Цзиньпин Дональд Трампты әуежайда өзі қарсы алған.

 Ал Владимир Путинді Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі Цай Ци күтіп алды.

Басшылардың ортақ суретке түсуі кезінде де назар аударарлық жағдай болды. Трамп пен Си Цзиньпин қатар тұрса, Ресей президенті олардан сәл шеткерірек тұрды. Жарияланған видеолардың бірінде Путинге қай жерге тұру керектігі қолмен ишара арқылы көрсетілгені байқалады.

Дегенмен кейін екіжақты кездесу барысында Дональд Трамп Ресей басшысын өзінің досы ретінде атады.

Ядролық қаруға қатысты шабадан

Ресей делегациясы тасып жүрген ерекше жүк те журналистер назарынан тыс қалмады. Шэньчжэнь қаласында Путиннің көмекшісі көтеріп жүрген ядролық шабадан ерекше көзге түсті.

Видеоны «Вести» ақпараттық қызметінің өкілі Евгений Попов өзінің Telegram-арнасында жариялады. Журналист президентті алып жүрген көмекшісінен бұл шынымен де ядролық шабадан ба деп сұраған. Көмекшісі оны растаған.

Бір үстел басындағы үш басшы мен жауабы жоқ сұрақтар

Алдағы келіссөздерде бұдан да маңызды мәселелер талқылануы мүмкін. Көшбасшылар ядролық арсеналдарды бақылау, ядролық қарусыздану және Ирандағы қақтығыс мәселелерін қарастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы да күн тәртібіне шығуы ықтимал.

Алайда тараптардың келіссөзге қатысты ұстанымдары әртүрлі. Бұған дейін Мәскеу Абу-Дабидегі америкалық делдалдарға Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда, сондай-ақ бірқатар басқа аймақта НАТО-ның әскери қызметін тоқтатуды талап ететін құжат тапсырған болатын.

Ал америкалық келіссөз жүргізушілер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Ресей тарапына 2021 жылғы желтоқсаннан бері халықаралық жағдайдың өзгергенін түсіндіріп, шиеленісті азайтудың басқа жолдарын ұсынған.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.