KZ
RU KZ

Атырауда оқушыға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім 15 жылға сотталды

Атырауда 16 жастағы оқушы 13 жастағы қызды өлтіруге оқталғаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

BINOM мектебі
BINOM мектебі ЖИ көмегімен жасалған

Алайда сот барысында жасөспірім шабуылдан әлдеқайда бұрын буллингке ұшырағанын айтып шағымданған, ал ересектер осы жағдайдан хабардар болған.

Оқиға 2026 жылғы 13 наурызда Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған. Тоғызыншы сынып оқушысы бейтаныс 13 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасаған. Қыз бес жерінен пышақ жарақатын алып, отадан кейін аман қалды.

6 қарашада алқабилердің қатысуымен өткен сот жасөспірімді жас баланы өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп таныды.

2025 жылдың қазан айында-ақ ол мектеп психологына жүгініп, сыныптастарының өзін мазақтайтынын айтып шағымданған. Сот барысында оның есімін әдейі бұрмалап атау, ұлты мен сыртқы келбетіне қатысты қорлайтын сөздер айту фактілері расталды. Алайда жүйелі түрде ұрып-соғу және қорлау әрекеті дәлелденбеді.

Сотталған жасөспірімнің анасы бұған дейін ұлының шамамен екі жыл бойы буллингке ұшырағанын айтқан. Оның сөзінше, кейбір мұғалімдер балалардың мазақтағанын естіп қана қоймай, өздері де қорлайтын лақап ат қолданған.

Қаңтар айынан бастап жасөспірім күн сайын дерлік ішінің ауыратынын айтып шағымданған, сабаққа кешігіп келетін болған. Отбасы оны басқа мектепке ауыстыруды да ойластырған.

Алайда шабуылдан кейін BINOM мектебі әкімшілігі буллинг белгілері анықталмағанын мәлімдеді.

Қауіпті белгілер басқа бағытта да байқалған. Ақпан айында, яғни қылмыс жасалғанға дейін бір ай бұрын, ҰҚК қызметкерлері жасөспірімнің интернеттегі парақшаларынан діни-экстремистік сипаттағы материалдар анықтаған. Осыдан кейін онымен теологтың қатысуымен түсіндіру әңгімесі жүргізілген.

Тергеу барысында оқушының шабуылға алдын ала дайындалғаны және өз ниеті туралы жазба қалдырғаны да анықталды.

Кейін белгілі болғандай, алаңдауға негіз болатын белгілер аз болмаған. Алайда қылмыстың алдын алу мүмкін болмады.

Шабуылдан кейін BINOM мектебіне Астанадан комиссия келіп, ішкі тексеру жүргізген. Дегенмен оның нәтижесі көпшілікке жарияланбады.

Тексерушілер нақты қандай қорытындыға келгені, педагогтер мен мектеп әкімшілігі әрекеттерінен заң бұзушылық анықталған-анықталмағаны және тәртіптік шаралар қолданылған-қолданылмағаны белгісіз.

Сонымен қатар сот талқылауы қорытындысы бойынша сот қылмыстың жасалуына ықпал еткен мән-жайларға байланысты Оқу-ағарту министрі мен Атырау облысы прокурорының атына жеке қаулы шығарды.

Енді Оқу-ағарту министрлігі мен Атырау облысы прокуратурасы шабуылдан әлдеқайда бұрын жасөспірімнің жағдайынан хабардар болған ересектердің әрекетіне баға беруі тиіс. Қабылданған шара туралы олар сотқа хабарлауға міндетті.

Осыдан кейін ғана педагогтер мен мектеп әкімшілігі тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілген-берілмегені және алдын алу жүйесі ертерек әрекет етіп, қылмыстың алдын ала алар ма еді деген сұрақтарға жауап белгілі болмақ.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.