KZ
RU KZ

Brent мұнайы бір айда 23 пайызға арзандады: Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?

Әлемдік мұнай нарығында соңғы апталарда айтарлықтай өзгеріс байқалады. Brent маркалы мұнайдың бағасы бір ай ішінде 23,1 пайызға төмендеп, барреліне 90 доллардан төмен түсті.

Мұнай бағасы
Мұнай бағасы ZTB. ЖИ иллюстрация

Мұнай бағасының бұлайша құлдырауы Қазақстан үшін де маңызды дабыл. Өйткені ел экономикасы әлі де мұнай экспортына, әлемдік шикізат бағасына және одан түсетін бюджет кірісіне едәуір тәуелді.

Оның үстіне, халықаралық банктердің алдағы жылға арналған болжамдары мұнай бағасының қайтадан жоғары деңгейге көтерілуіне үлкен негіз бермейді. Керісінше, бірқатар сарапшылар 2027 жылы нарықта ұсыныс сұраныстан асып, баға одан әрі төмендеуі мүмкін деп есептейді.

24 қарашадағы жағдай бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 89,10 доллар шамасында саудаланды. Алдыңғы сауда күнінде, 23 қарашада, оның бағасы 89,37 долларға дейін төмендеген.

Reuters  агенттігінің хабарлауынша, нарыққа Таяу Шығыстан мұнай жеткізілімінің біртіндеп қалпына келуі, Ливиядағы мұнай құбырының қайта іске қосылуы және әлемдік нарықта ұсыныстың артуы қысым болып отыр. Бұған дейін мұнай бағасының өсуіне ықпал еткен геосаяси тәуекелдер әлі толық жойылған жоқ. Алайда инвесторлар қазір жеткізілім көлемінің ұлғаюына көбірек назар аудара бастаған. Deutsche Bank дерегінше, әлемдік мұнай және сұйық көмірсутек қорлары қазанда 52 миллион баррельге өскен. Бұл тәулігіне шамамен 1,7 миллион баррель артық ұсыныс қалыптасқанын көрсетеді. 

Мұнай бағасының төмендеуіне әсер етіп отырған тағы бір фактор Таяу Шығыстағы жағдайдың біртіндеп тұрақтануы

Бұған дейін Иран төңірегіндегі әскери қақтығыстар мен Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалының шектелуі әлемдік нарықта тапшылық қаупін күшейткен еді. Алайда мұнай экспорттаушы елдер балама бағыттарды пайдаланып, жеткізілім көлемін қалпына келтіре бастады. Ливиядағы Sharara мұнай құбырының қайта ашылуы да нарыққа қосымша шикізат жеткізуге мүмкіндік берді. Дегенмен Ормуз бұғазындағы қауіп толық сейілген жоқ. Сондықтан геосаяси жағдай күрт шиеленіссе, мұнай бағасы қайта көтерілуі мүмкін.

Шетелдік сарапшылар не дейді?

Халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдары да нарықтағы жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. Goldman Sachs Research 18 қарашада жариялаған болжамында 2027 жылы Brent мұнайының орташа бағасы барреліне 88 доллар болады деп есептейді. Ал келесі жылдың желтоқсанына қарай баға 78 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Банк сарапшыларының пікірінше, әлемдік мұнай нарығы 2026 жылдың қазан айында-ақ артық ұсыныс кезеңіне өткен. 2027 жылы бұл көрсеткіш тәулігіне 2 миллион баррельге жетуі ықтимал. Бұған Таяу Шығыстағы жеткізілімдердің қалпына келуі, жаңа мұнай құбырларының іске қосылуы және танкер флотының ұлғаюы әсер етеді.

JPMorgan сарапшылары да мұнай бағасының төмендеу қаупін жоққа шығармайды. Reuters агенттігінің 23 қарашадағы мәліметінше, банк 2027 жылдың басында Brent бағасы 70 доллардың жоғары шегіне дейін түсуі мүмкін деп болжайды. Ал АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) қарашада жариялаған есебінде 2027 жылдың екінші тоқсанында Brent бағасы 90 доллардан төмендейді деп күтеді. Ұйымның болжамы бойынша, әлемдік мұнай қорлары 2027 жылдың алғашқы жартысында тәулігіне 3,5 миллион баррельге ұлғаюы мүмкін. Жылдың төртінші тоқсанында мұнайдың орташа бағасы 77 доллар шамасында болады деген болжам бар.

ABN AMRO банкі де 2027 жылы мұнай арзандайды деп есептейді. Банктің 11 қарашада жарияланған энергетикалық шолуында Brent бағасы 2026 жылдың соңында 95 доллар шамасында болғанымен, 2027 жылдың соңына қарай 75 долларға дейін төмендеуі мүмкін екені айтылған. Сарапшылардың пікірінше, мұнай нарығы тапшылықтан біртіндеп теңгерімге қарай бет алып келеді. Алайда жеткізу бағыттарының толық қалпына келмеуі мен тасымалдау шығындары бағаның күрт құлдырауын тежеуі мүмкін.

Осылайша, ірі қаржы институттарының болжамдарында ортақ үрдіс бар: 2027 жылы мұнай бағасына жоғары деңгейде тұрақтап қалу оңай болмайды. Дегенмен болжамдар бір-бірінен ерекшеленеді. Goldman Sachs орташа бағаны 88 доллар деп бағаласа, EIA жылдың соңғы тоқсанында 77 доллар күтеді, ал ABN AMRO жыл соңына қарай 75 долларды болжайды. Бұл көрсеткіштер мұнай нарығындағы белгісіздіктің әлі де жоғары екенін аңғартады. Оның үстіне, Ормуз бұғазындағы жағдай, Ресей мен Украина арасындағы соғыс, ОПЕК+ елдерінің өндіріс саясаты және Қытай экономикасының даму қарқыны бағаға тікелей ықпал етуі мүмкін.

Мұнай бағасы Қазақстан үшін неге маңызды?

Себебі мұнай-газ саласы елдің экспорттық түсімінің, мемлекеттік кірістерінің және Ұлттық қорға түсетін қаражаттың негізгі көздерінің бірі саналады. Сондықтан Brent бағасының ұзақ уақыт төмен деңгейде сақталуы бюджетке түсетін кірісті азайтып, теңгеге қысым түсіруі ықтимал.

Бірақ Қазақстан үшін әлемдік Brent бағасымен қатар өз мұнайының нақты экспорттық бағасы да маңызды. Бұл жерде CPC Blend және KEBCO маркалы мұнай түрлерінің ерекшелігін ескеру қажет. Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспортталады. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілетін мұнайдың басым бөлігі осы бағытпен Ресейдің Новороссийск портына жеткізіліп, одан әрі танкерлермен әлемдік нарыққа шығарылады. Экспортталатын осы мұнай қоспасы CPC Blend деп аталады.

Бір қызығы, әлемдік Brent арзандағанымен, Қазақстанның CPC Blend маркалы мұнайы әзірге одан қымбат сатылып отыр.  23 қарашада CPC Blend бағасы барреліне 108 доллар болған. Бұл Brent бағасынан шамамен 19 доллар жоғары. Ал қазан айында CPC Blend бағасы 128 долларға дейін көтеріліп, Brent-тен шамамен 16,5 пайыз қымбат сатылған. Мұндай жағдай мұнай тасымалы бағыттарындағы өзгерістерге, Таяу Шығыстағы жеткізілімдердің шектелуіне және Еуропа нарығындағы сұранысқа байланысты қалыптасты.

Бұған дейін Қазақстан мұнайы дәстүрлі түрде Brent маркасына қарағанда жеңілдікпен сатылатын.

2026 жылы әлемдік нарықтағы геосаяси өзгеріс жағдайға әсер етті

Таяу Шығыстан мұнай жеткізу қиындаған кезде Еуропа елдері балама жеткізушілерге көбірек көңіл бөле бастады. Қазақстан мұнайының Еуропа нарығындағы маңызы артып, CPC Blend бағасы белгілі бір кезеңде Brent-тен жоғары деңгейге шықты. Дегенмен бұл айырмашылықтың барлығы Қазақстан экономикасына таза пайда ретінде түспейді. Мұнайды тасымалдау, сақтандыру және логистика шығындары да ескерілуі керек.

Қазақстанның тағы бір экспорттық маркасы — KEBCO. Бұл атау Қазақстан экспорттық мұнайын Ресей мұнайынан ажырату үшін енгізілген. Оның бағасы да әлемдік нарықтағы Brent көрсеткішіне байланысты қалыптасады. Демек, әлемдік benchmark бағасының төмендеуі Қазақстан экспорттайтын мұнайдың құнына белгілі бір уақыттан кейін әсер етуі мүмкін. Бірақ нақты өзгеріс әр экспорттық бағыттағы баға айырмашылығына және тасымалдау шығындарына тәуелді.

Қазақстан мұнай саласындағы тағы бір маңызды мәселе — экспорттық бағыттардың тұрақтылығы. Қазір ел мұнайының басым бөлігі КҚК жүйесі арқылы тасымалданады. Reuters агенттігінің қыркүйектегі дерегіне сәйкес, бұл құбыр Қазақстанның мұнай экспортының 80 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан Новороссийск маңындағы КҚК терминалында болған кез келген іркіліс Қазақстанның мұнай өндірісі мен экспорттық түсіміне тікелей әсер етеді.

2026 жылы бұл мәселе ерекше байқалды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдар салдарынан Қазақстан шамамен 3,5 миллион тонна мұнай өндіру мүмкіндігінен айырылған. Осыған байланысты биылғы мұнай өндіру жоспары бастапқы 98 миллион тоннадан 96 миллион тоннаға дейін қысқартылды. Министрдің 5 қарашада айтқан сөзінше, егер КҚК-ға жасалған шабуылдар болмағанда, ел биыл 101 миллион тонна мұнай өндіре алар еді.

Қазақстан экспорттық бағыттарды әртараптандыруға да күш салып жатыр. Соның бірі — Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры. Бұл бағытта мұнай Ақтау портынан танкерлермен Әзербайжанның Баку қаласына жеткізіліп, одан әрі құбыр арқылы Грузия мен Түркияға тасымалданады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы осы бағыт арқылы шамамен 1,6 миллион тонна мұнай экспорттау жоспарланған. Ал 2027 жылы көрсеткішті 1,7 миллион тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Қазақстан бұл көлемді 2,2 миллион тоннаға дейін арттыруға мүдделі. Алайда мұндай шешім Әзербайжан тарапымен келісімге және мұнай қоспасының сапасына байланысты.

Алдағы жылға арналған өндіріс жоспарлары да Қазақстанның мұнай нарығындағы жағдайын түсінуге мүмкіндік береді. Энергетика министрінің қараша айындағы мәлімдемесіне сәйкес, 2027 жылы елде шамамен 99 миллион тонна мұнай өндіру, оның 79 миллион тоннасын экспорттау жоспарланып отыр. Алайда бұл көрсеткіштерге қол жеткізу кен орындарындағы өндіріс қарқынына, жоспарлы жөндеу жұмыстарына және экспорттық инфрақұрылымның тұрақтылығына тәуелді. Мәселен, Теңіз кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарының бір бөлігі 2027 жылға ауыстырылған. Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстары да келесі жылға жоспарланған.

Мұнай бағасының Қазақстан бюджетіне әсерін бағалағанда, 2027 жылға арналған негізгі қаржылық көрсеткіштерге назар аудару қажет. Үкімет келесі жылдың бюджетін Brent мұнайының барреліне 70 доллар деген болжам негізінде қалыптастырған. Бұл көрсеткіш шамамен 18 халықаралық қаржы ұйымының болжамдарын талдау арқылы алынған. Бірінші вице-премьердің орынбасары, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша келесі жылға арналған орташа баға осы деңгейге жақын.

Халықаралық ұйымдардың болжамдарында айырмашылық бар

 JPMorgan 2027 жылы мұнай бағасын шамамен 65 доллар деңгейінде күтсе, Дүниежүзілік банк 73–74 доллар аралығында болады деп есептейді. Қазақстан үкіметі осы болжамдардың ортақ көрсеткішін негізге алған. Бұл ретте бюджет үшін 70 доллардың алынуы кездейсоқ шешім емес: мұнай бағасының құбылмалылығы мен сыртқы экономикалық тәуекелдер ескерілген.

2027 жылы мұнай секторынан Ұлттық қорға 3,78 триллион теңге түседі деп күтіледі. Бұл 2026 жылға жоспарланған көрсеткіштен 342 миллиард теңгеге аз. Есептеулер мұнай өндірудің 96 миллион тонна көлемінде болуына, баррель бағасының 70 доллар деңгейінде сақталуына және доллар бағамының 480 теңге болуына негізделген. Демек, мұнай бағасы болжамнан төмен болса, Ұлттық қорға түсетін кірістің де қысқару қаупі бар.

Үкімет мұнай бағасының әртүрлі деңгейіне арналған бірнеше сценарийді де қарастырған. Базалық сценарийде Brent бағасы 70 доллар болса, пессимистік сценарийде 50 доллар деп алынған. Ал оптимистік сценарий 85 долларды көздейді. Пессимистік нұсқа жүзеге асқан жағдайда Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін кіріс шамамен 2,9 триллион теңгеге дейін төмендеуі мүмкін. Бұл базалық болжамнан едәуір аз. Ал мұнай бағасы 85 доллар шамасында сақталса, Ұлттық қорға түсетін түсім 4,57 триллион теңгеге дейін жетуі ықтимал.

Мұнай бағасының өзгеруі теңге бағамына да әсер етеді

Экспорттан түсетін доллар көлемі азайған жағдайда валюта нарығындағы ұсыныс төмендеуі мүмкін. Мұндай жағдайда теңгеге қысым күшеюі ықтимал. Бірақ ұлттық валюта бағамы тек мұнай бағасына байланысты емес. Оған Ұлттық банктің ақша-несие саясаты, базалық мөлшерлеме, импорт көлемі, сыртқы қарыз төлемдері, инвестициялық ағындар және басқа да факторлар әсер етеді. Сондықтан мұнайдың арзандауы теңгенің міндетті түрде әлсірейтінін білдірмейді, алайда ұзақ мерзімді төмен баға тәуекелдерді арттырады.

Мұнай бағасының төмендеуі мемлекеттік бюджетке де қосымша салмақ түсіруі мүмкін. Егер экспорттық кіріс азайса, Ұлттық қорға түсетін қаражат кеміп, бюджет шығындарын қаржыландыру мәселесі күрделене түседі. Мұндай жағдайда мемлекет шығындарды оңтайландыруға, мұнайдан тыс кірістерді арттыруға және Ұлттық қор қаражатын пайдалану тәртібін қатаң сақтауға мәжбүр болуы мүмкін. Әсіресе әлеуметтік міндеттемелер мен ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру кезінде мұнай кірісінің тұрақтылығы маңызды.

Сонымен бірге Қазақстан экономикасы үшін мұнай бағасының төмендеуінен бөлек, өндіріс пен тасымал көлемінің қысқаруы да үлкен мәселе. Өйткені әлемдік нарықта мұнай қымбат болған күннің өзінде экспорттық бағыттардағы кедергілер елдің нақты табысын азайтады. 2026 жылғы КҚК-ға қатысты жағдай мұның айқын мысалы болды. Сондықтан Қазақстан үшін мұнай бағасын бақылаумен қатар, экспорттық инфрақұрылымды қорғау және балама бағыттарды дамыту да стратегиялық маңызға ие.

Алдағы бірнеше айда мұнай нарығының бағыты үш негізгі факторға байланысты

Біріншісі — Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай және Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалының тұрақтылығы. Екіншісі — ОПЕК+ елдерінің өндіріс көлеміне қатысты шешімдері. Үшіншісі — әлемдік сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы. Егер Таяу Шығыстағы жағдай тұрақталып, мұнай жеткізілімі бұрынғы деңгейіне жақындаса, ал өндіруші елдер өндірісті қысқартпаса, Brent бағасының одан әрі төмендеу ықтималдығы жоғары. Ал жаңа әскери қақтығыстар немесе ірі экспорттық инфрақұрылымның істен шығуы бағаны қайта көтеруі мүмкін.

Қазақстан үшін негізгі тәуекел — мұнай бағасының уақытша төмендеуі емес, оның ұзақ уақыт бойы бюджетте белгіленген деңгейден төмен сақталуы. Қазіргі таңда Brent бағасы 90 доллардан төмендегенімен, Қазақстанның CPC Blend мұнайы 108 доллар шамасында сатылып отыр.

Бұл елдің экспорттық кірісіне белгілі бір қорғаныс береді. Дегенмен халықаралық банктердің 2027 жылға арналған болжамдары мұнай бағасының төмендеу үрдісі жалғасуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстан экономикасы мұнайдың жоғары бағасына ғана сүйенбей, экспорт көлемін тұрақтандыруға, тасымал бағыттарын әртараптандыруға және мұнайдан тыс кіріс көздерін көбейтуге басымдық беруі мүмкін.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.