«Биліктің сүйіктісі болмасам да…» — Базарбек «Халық сүйіктісі» жеңімпазы болғанын сүйіншіледі
Экс-депутат Бақытжан Базарбек «2026 жылғы парламенттің үздік депутаты» номинациясында «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының жеңімпазы болғанын хабарлады.
Ол өзінің жеңісі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, қуанышымен бөлісті. Базарбектің айтуынша, марапат ол үшін ерекше құнды, себебі бұл қарапайым қазақстандықтардың оның жұмысына деген бағасы мен көзқарасын білдіреді.
"Халық сүйіктісі" ұлттық премиясында "2026 жылдың ең үздік Парламент депутаты" номинациясы бойынша жеңімпаз атандым!Халық мүддесін бірінші орынға қоятын мен үшін бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені бұл — халықтың маған берген бағасы, еңбегіме көрсеткен құрметі".
Базарбек үшін бұл аталымдағы алғашқы жеңіс емес. 2023 жылы ол дәл осындай марапатты қазір Білім министрлігін басқарып отырған Жұлдыз Сүлейменовамен бірге алды. 2024 және 2025 жылдары депутат марапат төрінен көрінді.
"Мұның бәрі — мені сыйлап, құрметтейтін, еңбегіме жоғары баға беріп, ақ пен қараны ажырата білетін халқымның арқасы.
Біз үшін марапаттың өзі маңызды емес. Ең бастысы — Парламентте атқарған еңбегіміз, халық үшін жасаған игі істеріміз елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға қаншалықты ықпал етті? Маңыздысы — осы!" деп жазды экс-депутат.
Оның айтуынша, ең маңыздысы марапат емес, қазақстандықтардың өмірін жақсарту, сыбайлас жемқорлықпен күрес және әділеттілікті нығайту. Базарбек өзі жоспарлаған барлық бастамаларды іске асыра алмағанын да мойындады.
"Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімде".
"Бүгінгі марапат — соның бір дәлелі деп білемін. Өкінішке қарай, елімізде заңдылық пен әділеттілікті қалыптастыру жолында атқаруды жоспарлаған жұмыстарымның барлығын аяқтап үлгермедім. Ол үшін, халқым, ұлдарыңызды сөкпеңіздер! Бәрі алда!" деп жазды Базарбек.
Бұдан басқа, ол Құрылтайдың жаңа құрамымен бірге заңнаманы жетілдіруге қатысуды жалғастыруға ниетті.
Сондай-ақ оқыңызКриптоайырбастау арқылы 1 миллиард теңге тапқан: Қызылорда облысында сот үкімі шықты

