KZ
RU KZ

Қазақстан құрылысшылары жаңа Салық кодексіне петиция жариялады

Сала өкілдерінің пікірінше, биыл күшіне енген жаңа салық ережелері құрылыс компаниялары шығынын арттырып, тұрғын үй мен өзге де құрылыс нысандарының қымбаттауына әкеледі.

Салық кодексі
Салық кодексі Фото: ZTB

Қазақстан құрылысшылар одағы жаңа Салық кодексіндегі бірқатар талапты қайта қарауды ұсынып, қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 16 пайыздан 14 пайызға дейін төмендетуді талап етті. 

Қазақстан құрылысшылар одағы өкілдері әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған мәлімдемеде жаңа салық талаптары әсіресе шағын және орта бизнеске кері әсер етіп отырғанын айтады. Олардың қатарында құрылыс компанияларымен жұмыс істейтін мердігерлер, қосалқы мердігерлер және құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындар бар.

Ұйым өкілдері осы мәселелерге байланысты петиция жариялап, Ұлттық экономика министрлігіне үш негізгі ұсыныс жолдаған:

  • ҚҚС мөлшерлемесін қазіргі 16 пайыздан 14 пайызға дейін төмендетуді;

  • ҚҚС бойынша міндетті тіркеуге тұру шегін 43,25 миллион теңгеден 120 миллион теңгеге дейін көтеруді;

  • Салық кодексінің 286-бабы 1-тармағындағы 16) тармақшаны алып тастауды ұсынып отыр.

Олардың пікірінше, қолданыстағы талаптар ірі мердігер компаниялардың жеңілдетілген салық режимін қолданатын шағын кәсіпорындармен жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Салдарынан ірі компаниялар мұндай кәсіпорындар қызметінен бас тартуға немесе қосымша салық шығындарын көтеруге мәжбүр болуы мүмкін.

«Негізделген және құжатпен расталған шығындарды есепке алу құқығы серіктестің қандай салық режимін қолданатынына тәуелді болмауы керек» деп мәлімдеді Қазақстан құрылысшылар одағы.

 

Жаңа талап кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?

Жаңа Салық кодексінің негізгі өзгерістері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Соған сәйкес ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі бұрынғы 12 пайыздан 16 пайызға көтерілді. Ал ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі бұрынғы 20 мың айлық есептік көрсеткіштен 10 мың АЕК-ке дейін төмендетілді. 2026 жылы бұл сома 43 миллион 250 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми түсіндірмелерінде айтылған.

Құрылысшылардың наразылығын тудырған тағы бір мәселе — Салық кодексінің 286-бабының 1-тармағындағы 16) тармақша. Бұл нормаға сәйкес, жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолданатын компаниялар жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден тауар, жұмыс немесе қызмет сатып алса, сол шығындарды корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқыза алмайды.

Яғни компания бухгалтерлік есепте мұндай шығындарды көрсете алғанымен, корпоративтік табыс салығы салынатын кірісті есептегенде оларды шегере алмайды. Нәтижесінде кәсіпорынның салық салынатын табысы ұлғайып, төлейтін салығы да артады. Бұл талапты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті де ресми түсіндірген.

Мәселен, құрылыс компаниясы қосалқы мердігер ретінде жеңілдетілген салық режиміндегі шағын кәсіпкерді жалдаса, оның қызметіне жұмсаған қаражатын корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығын ретінде шегере алмайды. Құрылыс саласында қосалқы мердігерлердің қызметі кеңінен қолданылатынын ескерсек, бұл талап өндірістік және мердігерлік тізбектегі көптеген кәсіпорынға әсер етуі мүмкін.

Бұл мәселе бұған дейін де құрылыс саласы өкілдері мен салық сарапшыларының талқылауына түскен

Мәселен, 2026 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Қазақстан құрылысшылар одағы мен Салық консультанттары палатасының бірлескен баспасөз мәслихаты өткен. Жиында жаңа Салық кодексінің құрылыс нарығына ықпалы, шағын кәсіпкерлік субъектілерімен жұмыс істеудегі қиындықтар және тұрғын үй бағасының өсу қаупі талқыланды.

Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Абзал Самановтың айтуынша, кейбір құрылыс компаниялары жаңа салық талаптарына байланысты тұрғын үйді сатудың орнына, кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған жалға беру үлгісіне көшіп жатыр.

Сол баспасөз мәслихатында құрылысшылардың кейбірі құрылыс жұмыстарының өзіндік құны шамамен 14 пайызға өскенін айтқан. Алайда бұл — салалық өкілдердің алдын ала бағасы, ресми статистикалық көрсеткіш емес.

Салық органдарының түсіндіруінше, жеңілдетілген салық режиміндегі кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер бойынша шығындарды шегеруге тыйым салу бизнес қызметін жасанды түрде бөлшектеу және салық төлеуден жалтару схемаларының алдын алуға бағытталған.

Алайда құрылысшылар бұл талап шағын және орта бизнестің ірі компаниялармен заңды негізде жұмыс істеу мүмкіндігін шектейді деп есептейді. Олардың пікірінше, салықтық бақылауды күшейту кезінде нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың мүддесі де ескерілуі керек.

Осыған байланысты құрылысшылар одағы ұсынған үш өзгеріс қабылданса, құрылыс компанияларының салықтық жүктемесі жеңілдеп, ірі мердігерлер мен шағын кәсіпорындар арасындағы іскерлік байланыс сақталады деп санайды. Бұл, өз кезегінде, құрылыс шығындарының негізсіз өсуіне жол бермеуге және тұрғын үй нарығындағы баға тұрақтылығын сақтауға ықпал етуі мүмкін.

Әзірге одақтың ұсыныстары — салалық ұйымның бастамасы. Олардың қабылдануы немесе қабылданбауы туралы шешім уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына байланысты.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.