Болгарияда тұман салдарынан 80-нен астам көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты
Болгарияның оңтүстік-шығысындағы «Фракия» автомагистралінде екі ірі жол апаты болып, 12 адам көз жұмды. Тағы 48 адам түрлі жарақат алды
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, жол апатына 80-нен астам жеңіл және жүк көлігі тап болған.
Апат 10 қараша күні таңертең Зимница ауылы маңында болған. Қалың тұман салдарынан жолдағы көріну қашықтығы күрт төмендеген. Биліктің алдын ала болжамы бойынша, алғашқы соқтығысқа осы жағдай себеп болған. Ал екінші жол апаты қарсы бағыттағы жолақта тіркелген. Жүргізушілер тасжолдың арғы бетіндегі апатқа назар аударып, көлік тізгініне ие бола алмай қалған болуы мүмкін.
Құтқарушылар зардап шеккендерге жету үшін жол қоршауларының бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған. Тұманның қалыңдығына байланысты зардап шеккендерді тікұшақпен эвакуациялау мүмкін болмады. Жараланғандар бірнеше өңірдегі ауруханаларға жеткізілді.
Жол апатына байланысты автомагистраль екі бағытта да жабылды. Оқиға орны тазартылғаннан кейін көлік қозғалысын қайта ашу жоспарланып отыр.

