KZ
RU KZ
Марғұлан Тұрсынов
Лонгрид Адамдар

ZTB жобасына 15 жыл: Марғұлан Тұрсынов бір кездері медианы Porsche көлігіне айырбастай жаздаған

Қазақстан ақпарат кеңістігіндегі танымал ZTB ақпараттық жобасының құрылғанына 15 жыл толды.

2011 жылы «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі шағын қауымдастық ретінде жұмысын бастаған жоба бүгінде жеке сайты, редакциясы және әлеуметтік желілерде миллиондаған аудиториясы бар ақпараттық басылымға айналды.

Оның негізін қалаушы Марғұлан Тұрсынов жобаны дамыту жолында қандай қиындықтарға тап болғанын, саяси мем үшін әкімдікке шақырылғанын, алғашқы жарнама берушімен қалай кездескенін және бір кездері ZTB-ны Porsche Cayenne көлігіне айырбастауға шақ қалғанын айтып берді.

«ZTB — Қазақ драмасы»

Марғұлан Тұрсынов 2011 жылы Нархоз университетінде оқып жүрген кезінде Ресейдегі «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі танымал қауымдастықтардың жұмысын бақылап жүрген. Алайда Қазақстан аудиториясына арналған, өзі қызығып оқитындай ақпараттық алаң таппаған. Осыдан кейін ол жеке қауымдастық ашуға шешім қабылдап, оны «ZTB — Қазақ драмасы» деп атаған.

Бір қызығы, бастапқыда ол журналист болуды мүлде жоспарламаған. Болашақта қаржы полициясында жұмыс істеуді көздеген. Әкесі де осы салада қызмет еткендіктен, оның жолын жалғастыру ойында болған. Әскери кафедрада оқығанымен, қаржы полициясына орналасу үшін қосымша заңгерлік білім алу қажеттігін түсінген. Алайда кейін саясаттануға қызығушылығы артып, ақпараттық жоба құруға ден қойған.

"Мен қаржы полициясында жұмыс істегім келді. Әкем бұрын осы салада қызмет еткен. Әскери кафедрада оқыдым. Бірақ қаржы полициясына орналасу үшін қосымша заңгерлік білім алу керектігін түсіндірді. Оған бір-екі жыл уақытымды жұмсауды жоспарлаған едім. Кейін саясаттануға қызығушылығым артты. Ол кезде „ВКонтакте“ желісінде „Республика дауысы“ деген саяси, оппозициялық қауымдастық болатын. Қазақстан туралы заманауи кітаптарды, соның ішінде „Қазақ драмасын“ оқыдым. Осы қызығушылықтардың бәрі тоғысып, өзімнің балама ақпараттық алаңымды ашуға шешім қабылдадым", — дейді Марғұлан Тұрсынов.

Алғашқы уақытта барлық материалды өзі дайындаған. Кітаптардан үзінділер мен дәйексөздер жариялап, сұхбаттар мен саяси тақырыптағы жазбаларды оқырманға ұсынған. Кейін қауымдастықта сатиралық материалдар мен саяси әзілдер көбейе бастаған. Алайда дәл осы бағыт жобаның негізін қалаушыға күтпеген қиындықтар әкелді.

Мемлекеттік маңызы бар мем

2012–2013 жылдары Марғұлан Тұрсынов Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген мем жариялағаны үшін Алматы қаласы әкімдігіне шақырылған. Ол кезде жоба авторы небәрі 22–23 жаста болған.

«2012 жылы Назарбаев бейнеленген мемге байланысты мені әкімдікке шақырды. Кездесуге прокуратура өкілі мен әкімдіктің жастар саясаты басқармасының қызметкері қатысты. Әңгіме онша жағымды болған жоқ. Дәлірек айтқанда, олар мені біраз қысымға алды. Ол кезде небәрі 22 жаста едім. Мемді кім жібергенін, оны кім ойлап тапқанын сұрады», — деп еске алады ол.

Оның айтуынша, кейін қауымдастыққа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де қызығушылық танытқан. Осы жағдайлардан соң ол жоба бағытын өзгертуге шешім қабылдаған. Саяси тақырыптар біртіндеп азайып, жастар жаңалықтары, әзілдер мен мемдерге басымдық берілген. Дәл осы кезеңде оқырмандар саны да жылдам өсе бастаған.

 

Алғашқы танымалдық

Жазылушылар саны 70 мыңға жуықтаған кезде Марғұлан Тұрсыновты газет-журналдар мен телеарналар сұхбатқа шақыра бастаған. Мұндай жарияланымдар оның ата-анасын да қуантқан. Ал өзі үшін дәстүрлі ақпарат құралдарының назар аударуы жобаны одан әрі дамытуға қосымша ынта берген.

 

«Шынымды айтсам, 2016 жылға дейін ZTB-ны жай ғана хобби ретінде қабылдадым. Журналистік білімім жоқ, қаржыгермін. Бірақ журналистика менің тағдырыма айналған сияқты», — дейді жоба негізін қалаушы.

 

ZTB алғашқы табысын студенттік кезеңде-ақ таба бастаған

Ол кезде Марғұлан Тұрсынов мейрамханалардағы іс-шараларға барып, қонақтарды суретке түсіріп, әр фотосуретті 500 теңгеден сатумен де айналысқан.

Жобаның алғашқы жарнама берушісі 2012 жылы пайда болған. Бұл кездесу оның есінде ерекше сақталыпты. Себебі жарнама тапсырыс беруші толыққанды кеңсесі бар үлкен компаниямен кездесемін деп ойлаған. Ал шын мәнінде, алдынан қолында дәптері бар студент шыққан.

"Біз ол кезде түрлі материалдар жариялайтынбыз. Тіпті қазір қарасаң, ыңғайсыз көрінетін әзілдер де болды. Мысалы, „келін алғың келсе, гелен сатып ал“ деген сияқты сөздер жазатынбыз. Ол кезде интернет енді дамып келе жатқан, бізге қызық көрінетін.

2012 жылы алғашқы жарнама берушім келді. Мен Нархозды бітіргелі жүргенмін, сонымен қатар мейрамханаларда фотограф болып жұмыс істейтінмін. Бір күні жарнама тапсырыс беруші келді. Ол біздің Нархозда кеңсеміз бар деп ойлаған екен. Мен «қазір шығамын» деп, қолыма дәптерімді ұстап алдына шықтым. Жарнама үшін 20 мың теңге төледі. Содан кейін достарыммен дәмханаға барып, курстастарым мен жақындарымды қонақ еттім. Бұл да жобаны дамытуға деген ынтамды арттырды", — дейді ол.

 

Таңдау: ZTB News па, Porsche Cayenne бе?

Уақыт өте келе ZTB жай ғана әлеуметтік желідегі қауымдастықтан ақпараттық алаңға айнала бастады. 2016 жылы жоба атауын өзгертіп, ребрендинг жасаған. Бастапқы «ZTB — Қазақ драмасы» атауы ересек аудиторияға түсініксіз болған. Кейбіреулер тіпті оны мейрамхана деп ойлаған. Осылайша ZTB News атауы пайда болды.

Жоба танымал болған сайын оны сатып алуға қызығушылық танытқандар да көбейген. Әсіресе 2016 жылы түскен ұсыныстардың бірі Марғұлан Тұрсыновты қатты ойландырған. Себебі ұсынылған ақша сол кездегі арманы болған Porsche Cayenne автокөлігін сатып алуға жететін.

Ол кезде жобаның қызметкерлері жиі ауысқан. Әр жаңа адамды жұмысқа қабылдаған сайын ZTB-ның қалыптасқан жұмыс тәсілдерін, ақпарат тарату қағидаларын қайта түсіндіруге тура келген. Кейде жаңа қызметкерді толық бейімдеу үшін жарты жыл, тіпті бір жыл уақыт қажет болған. Мұндай жағдай негізін қалаушыны шаршатып, жобаны сатуға қатысты ұсыныстарды байыппен қарастыруға мәжбүр еткен.

«Жас кезімде Porsche Cayenne көлігін армандайтынмын. 2016 жылы маған сол көлікті сатып алуға жететін ақша ұсынды. ZTB-ны сатып, осы жобамен қоштасу туралы шындап ойландым. Тіпті жобаны Porsche-ге айырбастай жаздадым.

Қазір де сатып алуға қатысты ұсыныстар түседі. Бірақ бүгінгі көзқарасым басқа. Мен үшін ZTB — ең алдымен шығармашылық жоба. Porsche көлігі көп адамда бар, ал сапалы ақпараттық басылым кез келген адамның қолынан келе бермейді", — дейді Марғұлан Тұрсынов.

 

Жоба дамыған сайын оның негізін қалаушы редакциялық саясатқа деген көзқарасын да өзгерткен. Бастапқыда басқа ақпарат құралдарында жұмыс істейтін журналистердің кеңесіне жиі құлақ асып, олардың тәжірибесін ZTB-ға енгізуге тырысқан. Алайда уақыт өте келе әр басылымның өзіндік бағыты мен аудиториясы болатынын түсінген.

Жобамен бірге өскен команда

Оның пікірінше, ZTB-ның өзгелерден ерекшелігі де алғашқы жылдардағы тәжірибесіздігі мен еркін жұмыс істеу тәсілінде болған. Себебі кәсіби тәжірибесі мол мамандар кейде белгілі бір шешім қабылдар алдында тәуекелге барудан тартынуы мүмкін. Ал жас команда жаңа форматтарды сынап көруден қорықпаған.

15 жыл ішінде ZTB редакциясында көптеген қызметкер еңбек еткен. Олардың арасында жобада сегіз жылға дейін жұмыс істеген мамандар да бар. Кейбір бұрынғы қызметкерлер кейін өздерінің ақпараттық жобалары мен қауымдастықтарын ашқан. Сондай-ақ интернетте жеке ақпараттық алаң құрғысы келген адамдар Марғұлан Тұрсыновтан кеңес сұрап келген.

Осы уақыт ішінде жобаның оқырмандары да өсті. Алғашқы жылдары ZTB-ға жазылған жастар бүгінде есейіп, 35–45 жас аралығындағы аудиторияның бір бөлігіне айналған. Оқырмандардың жасымен бірге олардың қызығушылығы, ақпаратқа деген сұранысы және жаңалықтарды қабылдау тәсілі де өзгерген.

«Қазір мен 36 жастамын. Жоба да, оның оқырмандары да, ақпарат тарату тәсілі де менімен бірге өсіп, өзгеріп келеді», — дейді ол.

 

Жаңа жоспарлар: сайт, YouTube және жеке бағыт

Бүгінде ZTB-ның әлеуметтік желілерде миллиондаған аудиториясы бар. Жобаның жеке сайты жұмыс істейді, Instagram, TikTok және Telegram желілерінде тұрақты оқырмандары қалыптасқан. Сонымен қатар редакция жаңалықтарды дыбыстау мен дубляж жасау сияқты жаңа форматтарды да қолданады.

Алдағы уақытта жобаның негізін қалаушы сайт пен YouTube арнасын дамытуға басымдық бермек. Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі көрсеткіштер жаман емес, алайда сайт пен бейнеконтент бағытында әлі де атқарылатын жұмыс көп.

«Әзірге жоспарларымды толық ашқым келмейді. Ертең не болатынын ешкім білмейді. Бірақ маған BBC-дің жұмыс тәсілі ұнайды. YouTube бағытын дамытқым келеді. Осы жылдар ішінде ZTB арқылы өз журналистерім мен шығармашылық мамандарымды тәрбиеледім. Мен бұл жобаны жай ғана бұқаралық ақпарат құралы емес, шығармашылық алаң ретінде қабылдаймын. Мысалы, жаңалықтарға дубляж жасаймыз. Қазір көптеген журналист біздің ақпарат ұсыну тәсілімізді пайдаланады.

Instagram желісіндегі көрсеткіштеріміз жақсы, TikTok-та қызықты парақшамыз, Telegram-да үлкен аудиториямыз бар. Бірақ сайт пен YouTube әзірге сәл әлсіздеу. Сондықтан қазір осы бағыттарға көбірек көңіл бөлгім келеді", — дейді Марғұлан Тұрсынов.

Осылайша, 15 жыл бұрын Нархоз студентінің жеке бастамасымен ашылған шағын қауымдастық бүгінде Қазақстандағы танымал интернет-басылымдардың біріне айналды. Оның тарихы әлеуметтік желідегі қарапайым парақшаның жүйелі жұмыс, тәжірибе және аудиториямен бірге даму арқылы үлкен медиа жобаға айнала алатынын көрсетеді.

Ал кезінде Porsche көлігіне айырбастай жаздаған жобасын Марғұлан Тұрсынов бүгінде жеке шығармашылық еңбегі мен өмірінің маңызды бөлігі ретінде бағалайды.

 

Материалмен бөлісу
Материал авторы Ләззат Нұрсапақызы Редактор
Барлық материалдар
Келесі лонгрид Еңбекшіқазақ ауданындағы 20 мектепте бес айдан бері қоқыс шығарылмады: 80 мектепке бөлінген 311 миллион теңге қайда? Қоғам • 4 мин оқу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.