KZ
RU KZ

БҰҰ мен Интерпол киберқылмысқа қарсы Қазақстанмен күш біріктірмекші

Астанада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған ауқымды халықаралық конференция өтіп жатыр.

Киберқылмысқа қарсы конференция
Киберқылмысқа қарсы конференция Фото: ҚР ІІМ

Бүгін Астанада ҚР ІІМ-нің ұйымдастыруымен БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен Интерполдың қолдауымен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған ауқымды халықаралық конференция өтіп жатыр.

Конференцияға 27 шет мемлекеттің өкілдері қатысып отыр.

Іс-шараның басты мақсаты — трансұлттық киберқылмысқа бірлесіп қарсы іс-қимыл жасау, озық технологиялармен алмасу және нақты практикалық шешімдер әзірлеу мәселелері тұр.

Қазақстан ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру бастамасын көтерді

Конференцияда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Сәденов Астанада БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік орталығын құру туралы бастама көтерді. Оның айтуынша, орталық қызметі Қазақстанды ғана емес, бүкіл Еуразия өңірін қамтиды.

"Бізге бірлескен талдау жұмысы қажет. Жекелеген қылмыстарды ғана емес, трансұлттық қылмыстық схеманы тұтастай көре білуіміз керек. Қылмыстық топтардың өзара қалай байланысатынын, ұрланған қаражаттың қалай қозғалатынын және қандай жаңа қауіп-қатерлер туындайтынын түсіну маңызды. Осы мәліметтер негізінде бірлескен шешімдер қабылдауымыз қажет", — деді министр.


БҰҰ басшылығы аталған бастамаға оң көзқарас білдірді.

Құрылуы жоспарланып отырған орталық қызметінің негізгі бағыттары — киберқауіптерге терең талдау жүргізу, тәжірибе алмасу, қылмыстарды тергеу жұмысын жетілдіру және мамандар даярлау.

— Киберқылмыс мемлекеттік шекараны мойындамайды. Қылмыскер бір елде, ал оның құрбаны басқа елде болуы мүмкін. Ұрланған қаражат санаулы минуттардың ішінде бірнеше мемлекеттің банк шоттары арқылы өтеді, — деді министр.


Ержан Сәденов ақпарат алмасуды жеделдетудің, қылмыстық схемаларды бірлесіп анықтаудың және халықаралық тергеу іс-қимылдарын үйлестірудің маңызын атап өтті.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.