KZ
RU KZ

Ташкентте қазақстандық жас футболшылардың жаппай улануына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Өзбекстанда Қазақстаннан барған жас футболшылардың жаппай улану себебі анықталып жатыр.

Жас футболшылар
Жас футболшылар ZTB. ЖИ иллюстрация

Өзбекстанда Қазақстаннан барған жас футболшылардың жаппай улану себебі анықталып жатыр. Мамандар футболшылар тамақтанған өнімдерді тексеруге алды. Тамақ қалдықтары зертханаға жіберілді, сараптама нәтижесі кейін жарияланады.

Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық және қоғамдық денсаулық комитетінің мамандары футбол делегациясы мүшелері тұтынған тағамдардың қалдықтарын алып, зертханалық сараптамаға жолдады. Тексеру қорытындысы дайын болған соң жарияланады.

Ташкент қаласының Чиланзар ауданы прокуратурасының мәліметінше, Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 276-13-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Аталған бап санитарлық заңнама талаптарын немесе эпидемияға қарсы күрес қағидаларын бұзуға қатысты.

«Чиланзар ауданы Ішкі істер басқармасы жанындағы тергеу бөлімі алдын ала тергеу амалдарын жүргізіп жатыр» деп хабарлады ел прокуратурасы.

Әзірге балалардың неден уланғаны ресми түрде анықталған жоқ.

Оқиға қалай болды?

Әңгіме халықаралық Dostlik Cup 2026 фестиваліне қатысу үшін Ташкентке барған қарағандылық жас футболшылардың жаппай улануы туралы болып отыр.

Бұған дейін балалардың ата-аналары 31 қазанда қонақүйлердің бірінде таңғы ас ішкеннен кейін жасөспірімдердің іші ауырып, дене қызуы көтерілгенін хабарлаған болатын.

Кейін бұл жағдайға Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді. Дипломаттар зардап шеккен балалардың туыстарымен және аурухана өкілдерімен байланысқа шығып, олардың денсаулық жағдайын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева ұсынған мәліметке сәйкес, Ташкентке барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған.

2 қарашадағы жағдай бойынша Ташкент ауруханаларында 11 жас футболшы ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын толық бақылауға алып, сауығып шыққанға дейін медициналық қадағалауда ұстауы тиіс.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.