Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы тағы 22 миллион теңге қайтара ма?
Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман экс-жұбайының туыстарымен арада тағы бір сот дауы туындағанын мәлімдеді.
Назым Қаһарман Instagram парақшасында жариялаған жазбасында кезекті сот дауы Астанадағы Highvill тұрғын үй кешеніндегі коммерциялық емес үй-жайға қатысты екенін айтады. Бұған дейін ол аталған нысанды жалға беріп, он ай бойы түскен қаражатты үш баласының қажеттілігіне жұмсағанын жеткізді.
«Түскен қаражаттың барлығы балаларға, олардың мектептеріне, денсаулығына, демалысына, дәрігерлер мен репетиторлардың қызметіне жұмсалды. Бұл алимент бойынша өзара есеп айырысу болатын. Барлық шығын есептеліп, көрсетілді. Екінші тарап бұл туралы хабардар болды, бәрін білді және келісімін берді», — деді Қаһарман.
Оның айтуынша, арада бірнеше жыл өткен соң бұрынғы күйеуінің туыстары өз шешімдерін өзгертіп, аталған қаражатты сот арқылы өндіріп алуға ниет білдірген.
Назым Қаһарманның сөзінше, бұл нысанның үш меншік иесі бар. Олардың бірі — балаларының немере ағасы, талап ету құқығын оның бұрынғы енесі Альмира Нұрлыбековаға берген.
«Бұл балаларым үшін де, мен үшін де оңай емес. Біз ол жігітті жаман адам емес деп ойлайтынбыз. Ол еш ойланбастан құжатқа қол қойып, барлық құқығын Альмира Балтабайқызына берді. Ал ол болса, сотқа талап арыз түсіріп отыр. Балалар үшін бұл тағы бір туысынан айырылғандай жағдай болды», — деп мәлімдеді ол.
Алғашқы сот отырысы 19 қазанда өткен. Келесі отырыс 11 қарашаға белгіленген. Қаһарман алимент мәселесіне қатысты бөлек талап арыз беруді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ ол Бишімбаевтың туыстарына сот процестері балаларға ауыр тиіп жатқанын жеткізгісі келетінін айтады.
Бұған дейін не болды?
2026 жылдың қазан айында сот Бишімбаевтың анасы Назым Қаһарманға қарсы берген тағы бір талап арызын ішінара қанағаттандырған. Ол кезде дау фитнес-клуб орналасқан коммерциялық нысанды жалға беруден түскен табысқа қатысты болған.
Альмира Нұрлыбекова Қаһарманнан 14 миллион теңгеден астам қаражат өндіруді талап еткен. Сот шешімімен Назым Қаһарманнан шамамен 6,7 миллион теңге және сот шығындары өндірілетін болған. Ал сот Нұрлыбекованың 10,6 миллион теңге өндіру туралы тағы бір талап арызын қараусыз қалдырған.
Бұған дейін бұрынғы ерлі-зайыптылар балаларға қатысты да соттасқан. 2024 жылы Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыруға әрекет жасағанымен, сот оның талабын қанағаттандырмаған.
Ал 2025 жылы Бишімбаев келісім бойынша ай сайын 1,6 миллион теңге болған алимент мөлшерін азайтуды талап еткен. Алайда сот оның талап арызын қанағаттандырмады.
Еске салайық, 2024 жылдың мамырында Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен азаптап өлтіргені үшін сот шешімімен 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыс 2023 жылдың қараша айында Астанада болған.


