KZ
RU KZ

БҰҰ сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімді заңсыз қудалау құрбаны деп таныды

Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, БҰҰ-ның негізсіз ұстау мәселелері жөніндегі жұмыс тобы қазақстандық Думан Мұхаммедкәрімнің бас бостандығынан айырылуын «заңсыз» деп таныды.

Думан Мұхаммедкәрім
Думан Мұхаммедкәрім Фото: ЖИ

Олар журналист  Думан Мұхамедкәрімді дереу босатуға шақырды.

«БҰҰ жұмыс тобы № 18/2026 қорытындысында Думан Мұхаммедкәрімнің журналистік қызметі үшін бас бостандығынан айырылғанын және оның әділ сот талқылауына құқығы қамтамасыз етілмегенін анықтады. Сондай-ақ БҰҰ сарапшылары бас бостандығынан айыру орындарында да заңсыз әрекет жалғасып жатқанына алаңдаушылық білдірді» деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы (АҚҚХБ).

Атап айтқанда, Мұхаммедкәрімді қамауда ұстау Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының сегіз бабына (2, 3, 7, 9, 10, 11, 19 және 21-баптар), сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің алты бабына (9, 14, 15, 19, 25 және 26-баптар) қайшы келетіні нақтыланды.

Қазіргі уақытта Думан Мұхаммедкәрім жазасын Қызылордадағы түзеу колониясында өтеп жатыр.

Қыркүйек айында  Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) Мұхаммедкәрімнің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық әрі одан ешқандай шағым түспегені туралы мәлімдемесінен кейін журналистің қорғаушылары баспасөз мәслихатын өткізгенін хабарлаған еді. Олар Мұхаммедкәрімнің денсаулығына қауіп төніп тұрғанын мәлімдеп, билікке жолдаған үндеуін жария етті.

Сонымен қатар, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталғандардың жағдайына қатысты мәселе Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тұрақты бақылауында екенін мәлімдеген болатын.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.