Қазақстандықтардың 16,6 миллион дерегі даркнетте сатылып жатыр ма?
Әңгіме 507 миллион жазба туралы болып отыр. Деректердің таралуы туралы не белгілі?
Киберқауіптерді бақылаумен айналысатын халықаралық SOCRadar компаниясы Қазақстан Жоғарғы Сотының деректер базасы таралуы мүмкін екенін хабарлады.
Компания мәліметінше, соттың деректер базасы 50 мың долларға сатылымға шығарылған көрінеді. Brose деген лақап атпен тіркелген сатушы бұл деректер жиынтығы 2014-2026 жылдар аралығын қамтитын 186 кестеден тұратынын жазған.
«Хабарландыруға сәйкес, деректер базасында шамамен 16,6 миллион азаматтың жеке мәліметтері, сот процестеріне қатысушылар туралы 13,3 миллион жазба және компанияларға қатысты 6,8 миллион жазба бар. Сатушы сонымен қатар жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН), паспорттық деректер, сот құжаттары, құпиясөздердің хэштері, әкімшілердің есептік жазбалары, сеанс токендері және төлем туралы ақпарат бар екенін мәлімдеген» деп жазады SOCRadar.
Алайда компания өкілдері мұндай хабарландырулардың пайда болуы жүйенің бұзылғанын автоматты түрде білдірмейтінін атап өтті. Бұл ақпаратты растау үшін арнайы тексеру жүргізу қажет.
Әзірге деректердің шынайылығы да, болжамды кибершабуыл фактісі де ресми түрде расталған жоқ.

