KZ
RU KZ

ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев қызметінен кетіп, орнына Марат Ірменов тағайындалды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы болып Ермек Сағымбаевтың орынбасары Марат Ірменов тағайындалды.

Марат Ірменов пен Ермек Сағымбаев
Марат Ірменов пен Ермек Сағымбаев Фото: ҚР ҰҚК

Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Ірменовті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Сонымен қатар президенттің басқа жарлығымен Ермек Сағымбаев ҰҚК төрағасы қызметінен босатылды. Ақорда бұл шешімнің себебін нақтылаған жоқ.

Марат Ірменов туралы не белгілі?

Марат Ірменов жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Бұл лауазымға ол 2025 жылғы 25 қазанда тағайындалған.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ірменов ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментін басқарды. Бұған дейін ол комитеттің Ақтөбе және Жамбыл облыстарындағы департаменттеріне жетекшілік еткен. Сондай-ақ ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Ресми өмірбаянына сәйкес, Марат Ірменов ұлттық қауіпсіздік органдарындағы қызметін 1996 жылы бастаған. Ал 2000 жылдан бері басшылық лауазымдарда жұмыс істеп келеді. 2019 жылы оған ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры атағы берілген.

Ермек Сағымбаев ҰҚК басшылығына Қаңтар оқиғасы кезінде келді

Ермек Сағымбаев 2022 жылғы 6 қаңтарда, Қаңтар оқиғасы өршіп тұрған кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен лауазымынан босатылған Кәрім Мәсімовтің орнына келген еді.

ҰҚК-ге ауысқанға дейін Ермек Сағымбаев Мемлекеттік күзет қызметін басқарды. 2019–2021 жылдары осы ведомство басшысының орынбасары әрі президенттің күзет қызметінің бастығы болды.

2026 жылғы 24 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты ҰҚК төрағасы қызметіне қайта тағайындаған болатын. Алайда ол одан кейін бұл лауазымда үш айға жуық жұмыс істеді.

Айта кетейік, 2026 жылғы 13 қарашада президент Ермек Сағымбаевты қабылдап, комитеттің жыл басынан бергі жұмысы туралы есебін тыңдаған еді.

Кездесу барысында тараптар терроризмге, экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін талқылады. Сонымен қатар киберқауіпсіздік пен ақпаратты қорғау мәселелеріне назар аударылды.

Осы кездесудің алдында ҰҚК «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларына қатысты сыбайлас жемқорлық күдігі бойынша арнайы операция жүргізіп, күдіктілерді ұстаған болатын.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.