ҚазҰУ-дегі студент қазасынан кейін проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды
Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі қайғылы оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме таратып, хабарлады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қайтыс болуына байланысты әлеуметтік тұрақтылықты дамыту жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметтерінен босатылды.
«Студентіміздің қазасы — университет ұжымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Бұл жағдай баршамызды қатты күйзелтті» деп жазылған мәлімдемеде.
Университет басшылығы қайғылы оқиғадан кейін бірқатар кадрлық және ұйымдастырушылық шараларды шұғыл қабылдағанын мәлімдеді.
«Өз міндетін, соның ішінде жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты тиісінше орындамағаны үшін Басқарма мүшесі — әлеуметтік тұрақтылықты дамыту жөніндегі проректор және география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы атқарып отырған қызметінен босатылды» деп хабарлады ҚазҰУ баспасөз қызметі.
Сонымен қатар оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілген. Қазіргі уақытта оларға құқықтық баға беріліп жатыр.
Бұдан бөлек, университеттің барлық жатақханасында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Атап айтқанда, кешкі уақыттағы бақылау қатаңдатылып, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілген.
ҚазҰУ басшылығы қайтыс болған студенттің отбасымен тұрақты байланыста және қажетті көмектің барлығын көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ университет тергеу органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын және қайғылы оқиғаның мән-жайын объективті әрі ашық тергеуге мүдделі екенін атап өтті.
Алайда оқу орны Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу құпиясы бар мәліметтерді жария ете алмайтынын еске салды.
«Университет бұл оқиғаға қатысты деректерді жасырмайды, тергеу жүргізіп жатқан органдарға толық қолдау көрсетіп отыр және істің объективті әрі ашық тергелуіне мүдделі» деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде білім алған бірінші курс студентінің Алматыда қайтыс болғаны хабарланған еді. Осы дерек бойынша Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қалалық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.


