Шарын әлемдегі ең үздік 20 танымал шатқалдың бірі
Шарын әлемдегі ең үздік 20 шатқалдың қатарына еніп, арнайы сертификат берілді.
Алматы облысындағы Шарын шатқалы 2026 жылғы The Worldworthy 100 халықаралық рейтингінде 17-орынға жайғасты. Сондай-ақ табиғи нысан өз санаты бойынша Қазақстандағы үздік туристік орын деп танылды. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.
Халықаралық рейтингке әлемнің 46 елінен 100-ге жуық шатқал енгізілген. Шарын шатқалы он балдық Worldworthy шкаласы бойынша 9,48 балл жинап, 17-орынға тұрақтады.
Салыстырмалы түрде айтсақ, АҚШ-тағы әйгілі Үлкен каньон (Grand Canyon) рейтингте төртінші орынға жайғасқан. Ал тізімнің көшін Нью-Йорк штатындағы Летчворт шатқалы бастады.
The Worldworthy 100 рейтингі келушілердің пікірлері мен ұсыныстары, халықаралық туристік гидтер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, сондай-ақ ашық дереккөздердегі мәліметтер негізінде жасалады. Қорытынды нәтижелер тексеруден өтеді.
Шарын шатқалы миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан жартасты құрылымдарымен, ерекше геологиялық бедерімен және көркем табиғи ландшафтарымен танымал.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, Worldworthy редакциясы Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне халықаралық рейтинг лауреатының арнайы сертификатын жолдаған.
Шатқалдың әлемдегі үздік табиғи көрікті орындардың қатарына енуі Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға және бірегей табиғи мұрасын сақтауға халықаралық қауымдастық назарын аударуға ықпал етеді.
Айта кетейік, 2025 жылы Шарын шатқалын 249 928 адам тамашалаған. Шарын шатқалында келушілер ағынын реттеп, табиғи аумаққа түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік беретін айналма туристік бағыт енгізу жоспарланып отыр.
Шарын ұлттық паркі туристердің ғана емес, сирек кездесетін жануарлардың да мекені. 2026 жылдың қазан айында мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Орта Азия өзен кәмшаты (құндызы) тіркелді. Жануар ұлттық парк аумағында орнатылған фототұзаққа түсіп қалған.

