Жедел жәрдемді өзі шақырған: ҚазҰУ өзін жарақаттаған студент қызға қатысты оқиғаға түсініктеме берді
Бұған дейін әлеуметтік желілерде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы да төтенше жағдай болғаны, студент қыздың өзіне дене жарақатын салғаны туралы ақпарат тараған
Алматы қаласының полиция департаменті бұл деректі растағанымен, оқиғаның қай оқу орнында болғанын нақтыламаған.
Бүгін ҚазҰУ әкімшілігі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Университеттің хабарлауынша, зардап шеккен студент жедел жәрдем шақыруды өзі сұраған. Алайда медициналық құпияны сақтау және заң талаптарына байланысты аурухана науқастың денсаулық жағдайы туралы толық ақпарат бермеген.
«Студент жедел жәрдемді өзі шақырған. Медициналық құпияға және заңнама талаптарына байланысты аурухана бізге науқастың жағдайы туралы толық ақпарат ұсынған жоқ. Біз студенттің ата-анасымен тығыз байланыстамыз. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта қыздың жағдайы тұрақты» деп хабарлады университет әкімшілігі.
Айта кетейік, бұған дейін де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттеріне қатысты бірнеше қайғылы оқиға тіркелген.
16 қарашада география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің кісі қолынан қаза тапқаны белгілі болды. Ал 6 қарашада студенттер қалашығы аумағында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапқан еді.
Екі оқиға бойынша да қылмыстық іс қозғалған.

