KZ
RU KZ

686 қылмыстық іс: 2026 жылғы алимент бойынша жалпы берешек 19 миллиард теңгеден асады

Елдегі алиментке қатысты қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын 1 миллиард теңгеден асты. Алимент төлеуден жалтарғандар көбейіп келеді, қылмыстық істер саны да артқан.

Алиментке қатысты қылмыстық іс
Алиментке қатысты қылмыстық іс Фото: Ашық дереккөзден

Соңғы жылдары Қазақстанда алимент төлемеу дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іс саны күн санап артып келеді. 

Баласын асырауға міндетті ата-аналар алимент төлеуден жалтарған жағдайда, алдымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы («Сот үкімін және атқарушылық құжатты орындамау») бойынша әкімшілік іс қозғалады. Егер ата-ана үш айдан астам уақыт бойы баласын асырауға тиісті қаражатты төлемей, өз міндетінен жалтарса, іс қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін.

Сондай-ақ алимент төлеу міндетін ұзақ уақыт немесе қасақана орындамағаны дәлелденсе, кейбір жағдайларда әкімшілік іс қозғамай-ақ қылмыстық іс тіркелуі мүмкін. Яғни алимент өндірудің басқа жолдары нәтиже бермегендіктен, олар сотқа жүгінуге мәжбүр болады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, биыл қаңтар-қазан айларында Қылмыстық кодекстің балаларды асырауға қаражат төлеу міндетін орындамау, еңбекке жарамсыз ата-анасын немесе жұбайын асыраудан жалтару туралы бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 686 қылмыстық іс тіркелген.

Бұл 2025 жылдың алғашқы он айындағы көрсеткіштен 2,2 пайызға көп. Ал 2020 жылдың толық жылдық көрсеткішімен салыстырғанда екі есеге жуық артқан.

Қылмыстық істер саны 2024 жылы айтарлықтай өскен

2024 жылы көрсеткіш бірден 1,5 есеге көбейген. Бұған бала құқықтары мен мүддесін қорғауға бағытталған заңнаманы жетілдіру жұмыстары әсер еткен. Атап айтқанда, дәл осы кезеңде Қазақстанда күнкөріс деңгейімен байланысты алименттің ең төменгі мөлшерін белгілеу мәселесі талқылана бастады.

Нәтижесінде бұл ұсыныс жүзеге асып, бүгінде балаға төленетін алимент мөлшері күнкөріс деңгейінің 70 пайызына теңестірілген. Сонымен қатар төлем көлемі жыл сайын автоматты түрде индекстеледі. 

2026 жылы да бала құқығын қорғауға арналған жаңа шаралар қолға алынды. Биыл тамыз айынан бастап Қазақстанда алимент төлеуге арналған арнайы банктік шот ашу міндеттелді. Мұндай шоттағы қаражат төлеушінің басқа қарыздары үшін есептен шығарылмайды және оған тыйым салынбайды.

Алимент төлеуге міндетті 232 мыңнан астам борышкер бар

ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында алимент төлеуге міндетті 232 мыңнан астам борышкердің атқарушылық іс жүргізу құжаттары бойынша жалпы берешегі 19 миллиард теңге болған.

Алайда бұл тек биылғы қылмыстық істер бойынша келтірілген шығынды білдірмейді. Оған жылдар бойы жиналған ескі қарыздар мен жаңадан пайда болған берешектер де кіреді. Ал Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері алимент төлемеу фактілері бойынша қозғалған қылмыстық іс аясындағы шығын көлемін бөлек талдауға мүмкіндік береді.

Осы мәліметке сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында жыл басынан бері тіркелген алимент төлеу міндетін орындамауға қатысты қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп. Аталған көрсеткіш бұған дейінгі толық жылдардың деректерімен салыстырғанда да рекордтық деңгейге жеткен.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.