KZ
RU KZ
Құрылтай отырысы
Лонгрид Қоғам

Елімізде интернетке бақылау күшейеді: әлеуметтік желідегі балағат сөз үшін 30 тәулікке дейін қамалып, аккаунт біржола бұғатталады

Қазақстанда әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне қойылатын талаптар күшейтілуі мүмкін.

Құрылтай депутаттары «Онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжатта заңсыз жарияланымдарды сот арқылы жедел қарау, құқық бұзушылыққа қатысы бар аккаунттарды мерзімсіз бұғаттау, интернеттегі балағат сөздер үшін жауапкершілікті күшейту және балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын бақылау жөніндегі ұсыныстар бар.

Заң жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе әлеуметтік желідегі пікірлер үшін жауапкершілік, анонимді парақша иесін анықтау және 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою мәселелері көпшіліктің назарын аударды. Дегенмен ұсынылып отырған өзгерістердің барлығы бірдей күшіне енген заң нормалары емес. Құжат әлі де Парламенттегі талқылаудан өтіп, заң қабылданған жағдайда ғана белгіленген тәртіппен қолданысқа енгізіледі.

 

Заңсыз жарияланымдарға қатысты сот істері 10 жұмыс күнінде қаралады

Заң жобасына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарды заңсыз деп тану және онлайн-платформалардағы контентті құқыққа қайшы деп бағалау туралы істерді сот 10 жұмыс күні ішінде қарайды.

Мұндай талаппен сотқа прокурор немесе уәкілетті мемлекеттік орган жүгіне алады. Егер сот жарияланымды заңсыз деп таныса, оны таратуды тоқтата тұру немесе толықтай доғару туралы шешім шығаруға құқылы болады.

Бұл өзгерістер интернеттегі заңсыз ақпараттың таралуын жедел тоқтатуға бағытталған. Алайда мұндай тетікті қолдану кезінде сөз бостандығы, журналистік қызмет және ақпарат тарату құқығының сақталуы да маңызды мәселе болып отыр.

Интернеттегі балағат сөз үшін 30 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылды

Заң жобасындағы ең көп талқыланған мәселелердің бірі — әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында бейәдеп сөздер қолданғаны үшін жауапкершілік енгізу.

Құрылтай депутаты Наталья Рамазанова балағат сөздерді ұсақ бұзақылық туралы бапқа енгізу жазаның тым қатаң болуына әкелуі мүмкін екенін айтты. Оның түсіндіруінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының екінші бөлігі бойынша бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Депутат сотқа жаза тағайындау кезінде істің мән-жайын ескеруге мүмкіндік беретін қосымша нұсқаларды енгізуді ұсынды. Мәселен, кейбір жағдайларда әкімшілік айыппұл салу жазаның баламасы болуы мүмкін.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев бұл мәселені құқық қорғау органдарымен бірлесіп талқылауға дайын екенін жеткізді. Министрдің айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты адамдарды жаппай қамау немесе жазалау емес, интернеттегі құқық бұзушылықтардың алдын алу.

 

5 мыңнан астам жазылушысы бар жасырын аккаунт иесі анықталуы мүмкін

Жаңа талаптар әлеуметтік желідегі блогерлер мен танымал парақша иелеріне де қатысты. Атап айтқанда, 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунт иелеріне жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді уәкілетті мемлекеттік органға ұсыну міндеті жүктелуі мүмкін. Бұл үшін арнайы тізілім құру ұсынылып отыр.

Алайда бұған дейін иесі белгілі болған бұқаралық ақпарат құралдарының, компаниялардың және өзге де ресми парақшалардың қайта тіркелуіне қатысты жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін.

Билік бұл талапты интернет кеңістігіндегі жауапкершілікті арттыру және жалған ақпарат тарататын парақшалардың иелерін анықтау қажеттілігімен түсіндіреді. Сонымен бірге мұндай тетіктің жеке деректердің қорғалуына және анонимді пікір білдіру құқығына қалай әсер ететіні де маңызды мәселе болып отыр.

16 жасқа дейінгі балаға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін

Заң жобасындағы тағы бір маңызды бастама — 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына шектеу қою. Бұл талап мессенджерлерге қолданылмайды. Онлайн-платформа иелері пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттелуі мүмкін.

Құрылтай депутаты Илья Терещенко бұл шектеуді іс жүзінде жүзеге асыру үшін ата-аналарға балалардың интернеттегі белсенділігін бақылауға мүмкіндік беретін нақты құралдар қажет екенін айтты.

Депутаттың сөзінше, қазір көптеген ата-ана балалары пайдаланатын SIM-карталарды өз атына рәсімдейді. Сондықтан байланыс операторлары нөмірді нақты кім пайдаланып жүргенін анықтай алмайды. Мұндай жағдайда әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізу де қиынға соғады.

Осыған байланысты балаларға арналған жеке SIM-карталар жүйесін енгізу ұсынылды. Мұндай нөмірлерде интернет-трафикті автоматты түрде сүзгілеу, ата-ана бақылауын қосу және зиянды контентке қолжетімділікті шектеу мүмкіндіктері болуы ықтимал.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин министрлік бұл мәселені шешу үшін eGov платформасында арнайы қызмет әзірлеу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

Ұсынылған тетік бойынша ата-ана электрондық үкімет порталында белгілі бір телефон нөмірін баласына бергенін өзі көрсете алады. Осыдан кейін байланыс операторлары нөмірдің балаға тиесілі екенін біліп, интернет-трафикті шектеу және тыйым салынған материалдарды сүзгілеу шараларын қолдана алады.

 

Баланың телефонына да жеке бақылау енгізілмек

Үкімет өкілдері балалардың интернеттегі белсенділігін тек SIM-карта арқылы бақылау жеткіліксіз екенін мойындап отыр. Себебі жасөспірімдер VPN қызметтерін пайдалану арқылы кейбір шектеулерді айналып өтуі мүмкін.

Сондықтан министрлік баланың телефон нөмірімен қатар, оның пайдаланатын құрылғысын да арнайы жүйеге тіркеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Бұдан бөлек, мектептер мен қоғамдық орындардағы Wi-Fi желілері арқылы интернетке қосылған кезде де балаларға арналған сүзгілеу жүйесін енгізу мәселесі талқылануда. Әсіресе білім беру ұйымдарындағы интернет қауіпсіздігіне басымдық берілмек.

Алайда мұндай бақылаудың техникалық жолдары, жеке деректерді қорғау тәртібі және ата-аналардың келісімін алу мәселелері әлі де нақтылануы қажет.

Құқық бұзған аккаунтты біржола бұғаттау ұсынылды

Заң жобасында аккаунттарды мерзімсіз бұғаттау туралы да түзету бар. Егер сот белгілі бір парақшаның қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасау үшін пайдаланылғанын анықтаса, онлайн-платформаға оны біржола бұғаттау міндеті жүктелуі мүмкін.

Сонымен қатар заңнамаға «жалған аккаунт» деген түсінік енгізу ұсынылып отыр. Бұл санатқа әдейі жалған немесе анонимді жеке мәліметтермен ашылған парақшалар жатады.

Мұндай өзгерістер интернеттегі алаяқтық, жалған ақпарат тарату және өзге де заңсыз әрекеттерге қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Бірақ аккаунтты біржола бұғаттау кезінде сот шешімінің негізділігі мен пайдаланушының өз құқығын қорғау мүмкіндігі де ескерілуі тиіс.

Жасанды интеллект жасаған адамның суретін пайдалануға шектеу қойылмақ

Депутаттар Азаматтық кодекске жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өзгертілген адамның бейнесін қорғауға қатысты түзетулер енгізуді де ұсынып отыр.

Жаңа норма қабылданса, адамның суретін немесе бейнесін жасанды интеллект арқылы өзгертіп, оны келісімінсіз жариялауға қатысты құқықтық жауапкершілік нақтыланады. Яғни адамның бейнесін пайдалануға келісім беру талабы ЖИ көмегімен жасалған материалдарға да қатысты болмақ.

Бұл мәселе әсіресе адамның түрін өзгертіп, жалған бейне немесе фотосурет жасау, дипфейк әзірлеу және оны әлеуметтік желілерде тарату жағдайларында өзекті. Мұндай технологиялар арқылы адамның атынан жалған мәлімдеме жасауға немесе оның беделіне нұқсан келтіруге болады.

Әлеуметтік желілердің өзіне де талап күшейеді

Заң жобасы тек пайдаланушылар мен журналистерге ғана емес, онлайн-платформалардың иелеріне де жаңа міндеттер жүктеуді көздейді.

Мәселен, платформалардың Қазақстан аумағында заңды тұлға ретінде тіркелген өкілдігін ашуы ұсынылып отыр. Егер уәкілетті орган заңға қайшы контентті немесе балаларға қатысты кибербуллинг материалдарын жою туралы нұсқама берсе, платформалар оны орындауға міндетті болады. Талап орындалмаған жағдайда оларға әкімшілік жауапкершілік жүктелуі мүмкін.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы он айында онлайн-платформаларда заңға қайшы 128 мыңнан астам материал анықталған. Алайда олардың шамамен 70 пайызы ғана өшірілген. Министрлік осы көрсеткішті платформалардың жауапкершілігін күшейту қажеттігінің бір себебі ретінде атап отыр.

 

БАҚ жұмысына да бірқатар өзгеріс енгізіледі

Заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдары жұмысына қатысты да жаңа талаптар бар. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын жариялаған кезде арнайы белгі қою ұсынылған. Бұл оқырманға материалдың қай бөлігі мемлекеттік органның ресми ұстанымы екенін ажыратуға мүмкіндік беруі тиіс.

Сондай-ақ егер БАҚ немесе әлеуметтік желідегі парақша арқылы бір адам туралы жалған әрі ар-намысына нұқсан келтіретін ақпарат тараса, оны теріске шығару талабы қарастырылған. Теріске шығару бастапқы ақпарат жарияланған сол парақшада немесе ақпарат көзінде орналастырылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, білім беру курстарын әзірлейтін авторларға өздерінің бейіндік білімі, дипломы немесе сертификаты туралы мәлімет көрсету міндеті жүктелуі ықтимал. Ал бал ашу, астрология, сиқыршылық, экстрасенсорика және таро қызметтерін ұсынатындарға мұндай материалдардың ойын-сауық сипатында екенін және ғылыми тұрғыдан дәлелденбегенін ескерту ұсынылады.

Жалпы, ұсынылып отырған түзетулер Қазақстандағы интернет кеңістігін реттеуді күшейтуге бағытталған. Бір жағынан, балаларды зиянды контенттен қорғау, жалған ақпаратпен күресу және азаматтардың ар-намысы мен жеке өміріне қол сұғудың алдын алу көзделсе, екінші жағынан, сөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығына қатысты сұрақтар туындайды.

Құжатқа қатысты талқылау мен пысықтау жұмыстары жалғасады.

Материалмен бөлісу
Материал авторы Ләззат Нұрсапақызы Редактор
Барлық материалдар
Келесі лонгрид «Өлген баланың аяғын көтергізіп қойған»: ҚазҰУ-да қаза тапқан студенттің туыстары оқиғаның мән-жайын баяндады Тергеулер • 3 мин оқу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.