«Өлген баланың аяғын көтергізіп қойған»: ҚазҰУ-да қаза тапқан студенттің туыстары оқиғаның мән-жайын баяндады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханасында студенттің қаза табуы оның отбасы мен жақындарын орасан қайғыға батырды. ZTB редакциясы марқұмның туыстарына хабарласып мән, жайды анықтады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай көз жұмды. Оқиға 16 қараша түнгі сағат 12-лер шамасында болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, оларға бастапқыда студенттің өліміне қатысты мүлде басқа ақпарат берілген. Тек кейінірек олар бірінші курс студенттерінің соққыға жығылғаны туралы естіген.

Марқұмның туыстары қайғылы хабарды түнгі сағат төрт шамасында естіген, кейін не болғанын анықтауға тырысқан. Алайда олардың сөзінше, бастапқыда жатақханада ешқандай жанжал немесе төбелес болмағаны айтылған.
"Бізге алғашында ештеңе болмағанын, балалар концертке дайындық үстінде марқұм өз-өзінен құлап қалғанын жеткізді. Біз екінші курс студенттері бірінші курстың балаларын ұрғаны туралы естігенімізді айттық. Бірақ олар мұны жоққа шығарды. Тіпті „Бұл ақпаратты қайдан алдыңыздар? Мұның бәрі өтірік. Ешқандай төбелес болған жоқ“ деп бізге ұрысты. Қалай қайтыс болғанын сұрадық, бірақ полиция қызметкерлері ештеңе айтпады. Ата-анасына хабар бергенде, Дауылдың ангинадан көз жұмғанын айтқан", — дейді бөле әпкесі Ұлдана Егізбай...
Оның айтуынша, студенттің жағдайы қалай нашарлағанын да нақты түсіндірмеген.
"Менімен бірге барған екі ағам деканнан жеке-жеке: "Төбелес болған жоқ па? Нақты ма?" деп сұрады. Ол: "Бала белсенді студент болған. Басқа бөлмеде концертке дайындық жүргізіп жатқанда жүрегі ұстап, құлап қалған. Балалар алғашқы көмек көрсетті, екі рет жедел жәрдем шақырылды. Мен түні бойы қастарында болдым. Ешқандай төбелес болған жоқ, өзі құлап қалды" деп жауап берді", — дейді марқұмның бөле әпкесі Ұлдана.
«Сегіз студент екі баланы шақырып алып, ұрғанын естідік»
Оқиғаның мән-жайын анықтай алмаған туыстары кейін мәйітханаға барған. Сол жерде марқұмның ата-анасын күткен. Олардың айтуынша, ата-анасы полиция бөліміне барғаннан кейін ғана қайғылы оқиғаға қатысты басқа мәліметтер белгілі болған.
«Шокермен құлатып, аяғынан көтеріп ұстап тұрған»
«Екінші курстың сегіз студенті бірінші курстың екі студентін бөлмелеріне шақырып алып, ұрған. Менің бөлемді шокермен ұрып құлатып, кейін соққыға жыққан. Содан соң қасындағы балаға бір сағат бойы басын салбыратып, аяғынан көтеріп ұстап тұруға мәжбүрлеген. Ақырында Дауыл қайтыс болып кеткен, бірақ балалар оны білмеген. Бұл туралы жәбірленген екінші студент тергеу кезінде айтып берген. Біз бұл ақпаратты аудандық полиция бөлімінде естідік», — дейді Ұлдана Егізбай.
Дәрігерлер баланы аман алып қала алмаған
«Дауыл түн ортасында көз жұмған. Екі рет жедел жәрдем шақыртқан. Алайда дәрігерлер бөлемді аман алып қала алмаған, тым кеш болған. Бүгін Дауылдың денесін Шымкентке алып кеттік. Соңғы рет екі күн бұрын кездескенімізде, Дауыл оқу орнындағы "дедовщина" туралы айтты. "Екінші курстың қыздарын көргенде „Сәлеметсіз бе“ деп амандасып, алыстан айналып өтуіміз керек. Ал жігіттерімен екі қолдап амандасамыз. Бір нәрсеге жұмсаса, орындауымыз керек. Бізде сондай „дедовщина“ бар" деді. Сұрай бастап едік, "Ой, қатты емес ондай", — деп, ары қарай ештеңе айтпай қойды", — дейді туыстары.
"Күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта істі толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«Неге бізге бірден шындықты айтпады?»
Марқұмның жақындарын қынжылтқан жайттың бірі — қайғылы оқиға туралы бастапқыда берілген ақпарат пен кейін естіген мәліметтердің бір-біріне сәйкес келмеуі.
"Біз сұрағанда ешқандай төбелес болмағанын айтты. „Ешкімді ұрған жоқпыз“ деді. Ал кейін мүлде басқа жағдайды естідік. Бізге неге бірден шындықты айтпағанын түсінбедік", — дейді марқұмның туысы.
Туысының айтуынша, олар жатақханадағы адамдардан бірнеше рет сұрағанымен, ешкім төбелес болғанын растамаған.
Барлық материалдар


