KZ
RU KZ

СҚО-да жол жөндеген мердігер 87 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Солтүстік Қазақстан облысында Тимирязево — Докучаево автожолын орташа жөндеуге бөлінген 87 миллион теңгені заңсыз иемденді деген күдікпен мердігер ұйымның бұрынғы басшысы ұсталды.

Жол жөндеу
Жол жөндеу Фото: pixabay.com

 Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

"Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Тимирязев ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметіне жүргізген тексеру барысында „Тимирязево — Докучаево“ автомобиль жолын орташа жөндеуге бөлінген 87 миллион теңге бюджет қаражатын заңсыз иемдену дерегін анықтады. Алаяқтық жасады деген күдікке мердігер ұйымның бұрынғы басшысы ілінді" деп жазылған ведомство хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, 12 қазанда тексеру материалдары прокуратураның ақпаратты есепке алу кітабына тіркеліп, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданған.

Сол күні Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Істің барысы облыстық прокуратураның бақылауында.

Айта кетейік, күдіктінің кінәсі сотта дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.