KZ
RU KZ

Газ саласындағы миллиардтар: аудиторлар 24,1 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтады

ҚР Жоғары аудиторлық палатасында газ саласын дамытуға бағытталған ұлттық ресурстардың тиімді пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы қаралды.

Аудит
Аудит Фото: Pexels

Жиынға Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов жетекшілік етті.

Тексеру барысында ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету, ресурс базасын дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өңірлерді газдандыру, газ тасымалдау инфрақұрылымының жағдайы және басқа да маңызды бағыттар қамтылды.

Аудиторлардың мәліметінше, Қазақстанның газ қоры айтарлықтай мол. Елдегі жалпы газ қоры 3,8 триллион текше метрге бағаланады. Ал 2022-2025 жылдар аралығында газ өндірудің жалпы көлемі 239,5 миллиард текше метр болған.

Алайда ішкі нарыққа арналған тауарлық газ өндірісі баяу дамып келеді. Оның көлемі халық пен экономиканың өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыра алмай отыр.

Сонымен қатар ішкі нарық аз ғана жер қойнауын пайдаланушы компанияларға тәуелді. Ал жеткізілетін газдың сапасы әрдайым талаптарға сай келе бермейді. Атап айтқанда, сапасыз тауарлық газ компрессорлық жабдықтардың тозуын жеделдетеді. Соның салдарынан Ұлттық оператор оны шетелге экспорттау кезінде жеңілдік жасауға мәжбүр.

Аудиторлардың пікірінше, саладағы стратегиялық жоспарлау жүйесі ішкі тұтынудың өсуі, ресурс базасын дамыту және жаңа өңдеу қуаттарын іске қосу арасындағы қажетті үйлесімді қамтамасыз етпейді.

Бағдарламалық құжаттарда геологиялық барлауды ынталандыру, жерасты газ қоймаларын дамыту, саланы цифрлық трансформациялау және тәуекелдерді басқару бойынша нақты көрсеткіштер мен шаралар жеткіліксіз.

Бұған қоса, Ұлттық оператор стратегиясында да жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған мақсаттар қарастырылмаған. Олардың қатарында солтүстік өңірлерді газдандыруды қаржыландырудың болмауы, ресурс базасын басқарудың тиімді тетіктерінің жоқтығы және IT-инфрақұрылымның дайын еместігі бар.

Тексеру барысында Ұлттық операторға қарасты кәсіпорындар 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбырын және шамамен 77 мың шақырым газ тарату желісін пайдаланып отырғаны анықталды. Алайда инфрақұрылымның едәуір бөлігі бұрын салынған және нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен. Оларды жаңғырту мен жөндеу жұмыстары жеткіліксіз қарқынмен жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ аудиторлар өңірлер арасындағы теңгерімсіздікті жою және жаңадан салынған нысандарды пайдаланушы ұйымдарға уақтылы тапсыруды бақылауды күшейту қажеттігіне назар аударды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша халықты газдандыру деңгейі 64,2 пайызға жеткен. Табиғи газбен 13,1 миллион адам қамтамасыз етілген. Газ тартылған елді мекендер саны 2240-қа жеткен.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы:

  • 24,1 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталды;
  • бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануда 18,2 миллиард теңгеге тиімсіздікке жол берілген.

Тексеру барысында бюджетке 59,4 миллион теңге қайтарылды. Тағы 20,2 миллиард теңге есепке алу арқылы және тиісті жұмыстарды орындау нәтижесінде қалпына келтірілді.

Жоғары аудиторлық палата аудит нысандарына анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша нақты тапсырмалар жолдады. Бұл жұмыстар толық аяқталғанға дейін бақылауда болады.

Сонымен қатар газ саласын басқару жүйесін жетілдіруге, ресурс базасын нығайтуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.