Трамп жеңілісті мойындап үлгерді: АҚШ Конгресі сайлауында демократтар республикашылдарды ойсыратты
АҚШ-та Конгреске өткен аралық сайлау дауыстары әлі де саналып жатыр. Алдын ала нәтижелер бойынша, республикашылдар оңбай жеңіліске ұшырауда.
Демократтар Сенаттағы басымдықты қайтарып алып, Өкілдер палатасындағы көп орынды иеленуге жақын.
АҚШ-тағы аралық сайлауда күтілген «көпіршік толқынның» орнына нағыз «цунами» болды деуге негіз бар. Республикашылдар ондаған жыл бойы бәсекелестік көрмеген аймақтардың өзінде жеңіліп жатыр.
Күткен нәтиже ақталды ма?
Республикашылдар әсіресе елдің оңтүстік штаттарында айтарлықтай жеңіліске ұшырады. Оның ішінде партияның негізгі тіректерінің бірі саналатын Техас штаты бар.
Мұнда соңғы 36 жылда алғаш рет губернатор болып демократ Джина Инохоса сайланды. Ол 2015 жылдан бері Техасты басқарып келген және билікте тағы төрт жыл қалуды көздеген Грег Эбботтан басым түсті.
Сондай-ақ 1988 жылдан бері алғаш рет штат Сенатқа демократ өкілін — Джеймс Талариконы жібереді.
Оңтүстік Каролинада республикашылдар 1998 жылдан бері иеленіп келген сенаторлық орнынан айырылды. Ал Солтүстік Каролинада демократ Рой Купер жеңіске жетті.
Дегенмен оңтүстіктің барлық штатында республикашылдар жеңіліс тапқан жоқ. Трамптың Мар-а-Лаго резиденциясы орналасқан, «оңтүстіктегі Ақ үй» аталып кеткен Флоридада губернатор сайлауында оның партияласы Байрон Дональдс жеңіске жетті.
Алайда оның басымдығы айтарлықтай үлкен емес. Алдын ала мәлімет бойынша, Дональдс 50 пайыз дауыс жинаса, демократ Дэвид Джолли 48,7 пайыз қолдауға ие болған.
Сайлаудың алдын ала нәтижелері
Елдің орталық бөлігіндегі сайлау нәтижелері де республикашылдар үшін сәтсіз болды. Канзас штатында демократтар 1932 жылдан бері алғаш рет Сенат сайлауында жеңіске жетті.
Огайо штатында бұрынғы сенатор Шеррод Браун екі жыл бұрын айырылып қалған мандатын қайта иеленді. Айова штатында да республикашылдар сенаторлық орыннан айырылды.
Дональд Трамп демократтарды жеңісімен құттықтап үлгерді. Алайда президент өз партиясының жеңілісін өзінің сайлау бюллетенінде болмағанымен түсіндірді. Оның айтуынша, егер өзі де сайлауға қатысқанда, республикашылдар жеңіске жетер еді.
Бір қызығы, дауыс беру қарсаңында Трамп америкалықтардан бюллетеньде өзінің есімі де бар деп елестетуді сұраған болатын. Алайда сайлаушылар өз таңдауын жасады.
Демократтардың тағы бір маңызды жеңісі Джорджия штатында тіркелді. Мұнда сенатор Джон Оссофф қайта сайланды. Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын президент сайлауында бұл штат Трампты қолдаған еді.
Қазақстан вольфрамына қатысты дау
Джон Оссофф Қазақстан үшін де қызықты тұлға. Бұған дейін ол Қазақстандағы вольфрам кен орындарына қатысты жобалар төңірегінде АҚШ президентінің отбасын сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптаған болатын.
Сенатордың мәлімдеуінше, Трамптың ұлдары АҚШ-тың мемлекеттік құрылымдары 1,6 миллиард долларға дейін қаржыландыру мүмкіндігін қарастырған жобаға қатысы бар компанияның үлесіне ие болған.
Оссофф президенттің айналасындағы адамдарды «Мар-а-Лагодағы мафия» деп атаған.
Әзірге жарияланған мәліметтер сайлаудың алдын ала нәтижелеріне негізделген. АҚШ-та көптеген сайлаушы пошта арқылы дауыс береді. Мұндай бюллетеньдерді санау бірнеше күнге созылуы мүмкін.
Сондықтан кандидаттар арасындағы айырмашылық аз кейбір округтерде жағдай әлі де өзгеруі ықтимал. Дегенмен республикашылдардың жеңіліс ауқымы қазірдің өзінде айқын байқалып отыр.


