KZ
RU KZ

Құрылтай: Қазақстан бюджет шығыстарына Азия даму банкінен 227,4 млрд теңге қарыз алады

Бүгін Құрылтайда ветеринария, Азия Даму Банкінен қарыз туралы келісім, экономиканың нақты салаларын цифрлық трансформациялау мәселелері сөз болды

Құрылтай
Құрылтай Фото: Құрылтай

Келісім аясында Азия даму банкінен 3,4 млрд қытай юані (227,4 млрд теңге) көлемінде қарыз тарту көзделген. Қарызды өтеу мерзімі — 15 жыл, оның ішінде алғашқы үш жыл жеңілдік кезеңі болып саналады. Пайыздық мөлшерлемесі — 1,69%, ал игерілмеген қаражат үшін жылдық 0,15% көлемінде комиссия төленеді. Келісімге 2026 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған.

Қарыз қаражаты ең алдымен әлеуметтік сала, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттардағы шығындарды қаржыландыруға жұмсалады.

Құрылтайда экономиканы цифрландыру бойынша тыңдау өткізу үшін арнайы комиссия құрылды

Құрылтай тыңдауына тиісті министрліктер мен бірқатар орталық мемлекеттік органдардың басшылары, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысады. Жиында өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларын цифрландырудың қазіргі жағдайы, өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланады.

Құрылтай Регламентінің 211-тармағына сәйкес, тыңдауды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына барлық тұрақты комитеттер мен саяси партиялар фракцияларының атынан 19 депутат енді. Комиссия төрағасы болып Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев сайланды.

Ветеринарларға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, ауылдағы мамандардың жалақысы артады

Құрылтай ветеринария мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттардың бастамасымен әзірленген құжат ветеринария саласын кешенді түрде жаңартуға бағытталған.

Заң жобасында ветеринария мамандарына бірқатар әлеуметтік қолдау көрсету көзделген. Атап айтқанда:

 — жыл сайын ақылы еңбек демалысын беру және емдеу-сауықтыруға арналған жәрдемақыны кемінде екі жалақы мөлшерінде төлеу;

— негізгі жұмыс орны бойынша ветеринария саласындағы ғылыми дәрежесі бар мамандарға ай сайын қосымша ақы төлеу. 

— 17 АЕК, ал ғылым докторларына 34 АЕК көлемінде үстемеақы беріледі.

Сонымен қатар ветеринария саласында ветеринарлық палата түріндегі қоғамдық ұйым құрылады. Ол ветеринар дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғайды, олардың есебін жүргізеді және біліктілігін арттыруға ықпал етеді.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.