«20 жылдан бері террористпін»: екі әйелге қатысты үш әкімшілік іс қозғалды
Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, «20 жылдан бері террористпіз» деп мәлімдеген екі әйел полицияның назарына ілікті. Олардың бірі — 38, екіншісі 39 жаста.
Полицияның мәліметінше, әйелдердің бірі тікелей эфир кезінде өзінің 20 жылдан бері террорист екенін айтып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері оны бұрыннан танитынын мәлімдеген. Кейін екі әйел де полиция басқармасына жеткізілді.
Тексеру нәтижесінде оларға қатысты үш әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалды. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық жасау, құқыққа қайшы контент тарату және қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киім кию деректері тіркелген.
Қазір әкімшілік істердің материалдары сотқа жолданды.
Бұдан бөлек, әйелдермен теологтың қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Кездесу барысында оларға заң талаптары мен қоғамдық тәртіп ережелері түсіндірілді.


