Қазақтың айтысы мен өлеңіне үлес қосқан Надежда Лушникова қайтыс болды
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын-импровизатор Надежда Лушникова 86 жасында дүниеден өтті. Ол Алматы облысы мен Жамбыл ауданының құрметті азаматы болған.
Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Шамалған ауылында дүниеге келген. Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған. Көп жыл бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген.
1960 жылдардан бастап айтыстарға қатысып, кейін жас ақындарды тәрбиелеген. Оның шәкірттері қатарында Оразалы Досбосынов пен Ақан Әбдуәлиев бар.
1985 жылы Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Қарибаевтың әдеби-мемориалдық музейін басқарды.
Надежда Лушникова ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер жинап, музейге келушілерді оның мұрасымен таныстырған.
Надежда Лушникова жастайынан домбыра тартып, ән орындаушылығымен танылды, жазба әрі суырыпсалма ақындығымен де белгілі болды.
Ақынның «Елім менің» (1962), «Көңіл қошы» (1970) атты жеке жыр жинақтары шыққан. Айтыстары «Жыр шашу», «Мәңгі көктем» (1988) жинақтарына енген. Республикалық айтыстарда, М. Көкеновпен (1980), Ә. Манаповпен (1980), т. б. болған жыр сайыстарында дәстүрлі айтыс өнерінің жаңаша дамуына елеулі үлес қосты.

