KZ
RU KZ

NVIDIA бас директоры Қытай тыңшысымен көңілдес: Бейжің бұл мәлімдемені жала деді

Қытай Сыртқы істер министрлігі NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуангтың қытайлық тыңшы болуы мүмкін әйелмен байланысы болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Элис Хуанг пен Дженсен Хуанг
Элис Хуанг пен Дженсен Хуанг Фото: x.com/cerfiafr

Қытай бұл айыптауларды негізсіз жала деп санайды. Ал NVIDIA компаниясы директорлар кеңесі осы оқиғаға байланысты тәуелсіз тергеу жүргізуді бастады.

Бұған дейін әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірі NVIDIA-ның негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың Қытайдың арнайы қызметтерімен байланысы болуы мүмкін әйелмен көңіл жарастырғаны туралы ақпарат тараған еді. Хуанг компания қызметкерлеріне жолдаған хатында әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, отбасынан және әріптестерінен кешірім сұраған.

Бұл жағдайдан кейін NVIDIA директорлар кеңесі компания басшысы шетелдік барлау қызметінің ықпалына түсуі мүмкін деген ақпаратқа байланысты тәуелсіз тексеруді бастады.

Компанияның ресми мәлімдемесінде тергеуді тәуелсіз директорлардан құралған арнайы комитет сыртқы заңгерлердің көмегімен жүргізетіні айтылған. Сонымен қатар директорлар кеңесі әзірге АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне немесе NVIDIA компаниясының құпия ақпаратына нұқсан келгеніне сенуге негіз жоқ екенін атап өтті. Дегенмен барлық қолда бар мәлімет жан-жақты тексерілмек.

Хуанг та тергеуді қолдайтынын және онымен толық көлемде ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеген.

«Мен елімді және компаниямызды жақсы көремін. NVIDIA-ны қорғауға және Американың ұлттық қауіпсіздігін қолдауға міндеттімін» деп жазды ол.

Осы оқиғаға қатысты Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь журналистердің сұрағына жауап беріп, тыңшылық туралы айыптауларды жоққа шығарды.

«Біз бұл мәселеге қатысты бұған дейін де жауап бергенбіз. Қытай тыңшылығы туралы жалған мәлімдемелер ешқандай негізсіз жорамал мен қаралаудан басқа ештеңе емес», — деді дипломат.

Оқиға астарында NVIDIA компаниясының жасанды интеллектке арналған озық чиптерін Қытайға жеткізу мәселесі де бар. АҚШ билігі Сингапурда орналасқан Megaspeed компаниясының бұрынғы басшыларының бірі Элис Хуангқа қатысты тексеру жүргізген. Америкалық тарап оның Қытайға озық технологиялар мен чиптер туралы ақпарат жеткізуі мүмкін деген күдік білдірген. Алайда бұл айыптаулардың барлығы әзірге тәуелсіз тергеу нәтижесімен түпкілікті дәлелденген жоқ.

Айта кетейік, NVIDIA — жасанды интеллект жүйелеріне арналған графикалық процессорлар мен есептеу технологияларын өндіретін әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Оның өнімдері АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекелестіктің маңызды бөлігіне айналған. Вашингтон ұлттық қауіпсіздікке байланысты Қытайға озық чиптерді экспорттауға бірқатар шектеу енгізген.

Қазіргі уақытта NVIDIA директорлар кеңесінің тергеуі компанияның құпия мәліметтеріне қол жеткізу мүмкіндігі болған-болмағанын және ұлттық қауіпсіздікке қандай да бір қауіп төнген-төнбегенін анықтауға бағытталған. Компания әзірге Дженсен Хуангтың басшылық қызметінен кететіні туралы мәлімдеген жоқ.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.