«Мадина өзі кеткен»: Грузиядағы клиника қазақстандық суррогат ананың айыптауына жауап берді
Грузияда суррогат ана болған қазақстандық Мадинаның оқиғасына қатысты Innova клиникасынан редакцияға ресми жауап келді.
Клиника өкілдері әйелдің айыптауларымен келіспей, оның бағдарлама кезінде келісімшарт талаптарын бұзғанын және жалдамалы пәтерден өз еркімен кеткенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін ZTB Мадинаның оқиғасы туралы жазған болатын. Қазақстандық әйелдің айтуынша, ол Қытай азаматтарымен суррогат ана болу жөнінде келісімшарт жасасып, Грузияда ЭКО арқылы жүкті болған. Алайда жүктілік кезінде медициналық талдаулардан инфекцияға қатысты көрсеткіштер анықталған соң, клиника өкілдері келісімшартты бұзуды ұсынған. Мадина сол кезде өзіне қысым жасалғанын, ал баладан бас тартуға келіспегенін айтқан. Қазір ол алты айлық ұлын өзі тәрбиелеп отыр және баланың биологиялық ата-анасынан алимент өндіргісі келеді.
Клиника өкілдері редакцияға жолдаған жауабында Мадинаның шағымдарына таңданыс білдірген. Олардың сөзінше, әйел бағдарлама аяқталғаннан кейін 11 ай өткен соң ғана талап қоя бастаған.
Ұйым өкілдері өздерінде Мадинамен және медициналық мекемемен жасалған келісімшарт, медициналық құжаттар мен хат алмасу дерегі бар екенін мәлімдеді.
Олардың айтуынша, Мадина жалдамалы пәтерден ешқандай қысымсыз, өз еркімен кеткен. Сондай-ақ клиника өкілдері әйелдің келісімшартта қарастырылмаған қаржылай көмек пен қосымша төлемдер алуға бірнеше рет әрекет жасағанын алға тартады.
Бұдан бөлек, жауапта Мадинаның медициналық талдауларынан мерезге (сифилиске) қатысты оң көрсеткіштер анықталғаны айтылған. Клиника өкілдері мұны келісімшарт талаптарын өрескел бұзу деп бағалайды.
Ұйым өкілдері Мадинаның жатыр түтіктері болмағандықтан, ЭКО-сыз табиғи жолмен жүкті бола алмайтынын өзі де мойындағанын алға тартқан. Сондай-ақ олардың пікірінше, әйелдің баламен биологиялық туыстығы жоқ.
Клиника өкілдері Мадинаның әрекетін негізсіз деп санайтынын және оның айыптауларын жала жабу ретінде бағалайтынын жеткізді. Олар барлық келісімшарттарды, медициналық құжаттар мен хат алмасуды жинақтап, Қазақстанның Грузиядағы елшілігі мен Бас прокуратурасына жолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар ұйым өкілдері құзырлы органдардан Мадина тарапынан заңсыз әрекет, адам саудасы немесе бопсалау белгілерінің бар-жоғын тексеруді сұрамақ.
Әзірге клиника ұсынған жауапта аталған айыптауларды растайтын құжаттар қоса берілмеген. Редакция медициналық құжаттар мен келісімшарт талаптарын өз бетінше тексерген жоқ.