KZ
RU KZ
Суррогат ана
Лонгрид Өмір

Қытайлықтар баладан бас тартты: Грузияда суррогат ана болған қазақстандық әйел қытайлық ата-анамен дауласып жатыр

Грузиядағы клиникада ЭКО жасатып, бала көтерген әйел дәрігерлермен және баланың биологиялық ата-анасымен арада дау туғанын айтады. ZTB тілшісі жас анамен тілдесті.

Қазақстандық жалғызбасты ана Мадина денсаулығына байланысты жұмыс істеуге жарамсыз болып қалған соң шетел азаматтарына суррогат ана болуға шешім қабылдаған. Алайда Грузиядағы клиникада ЭКО жасатып, бала көтерген әйел дәрігерлермен және баланың биологиялық ата-аналарымен арада дау туғанын айтады. Оның сөзінше, жүктілік кезінде клиника өкілдері келісімшартты бұзуға мәжбүрлеп, Қазақстанға оралған соң жүктілікті тоқтатуды талап еткен. Қазір Мадина алты айлық баланы өзі тәрбиелеп отыр және биологиялық ата-аналарынан алимент өндіріп алғысы келеді.

Мадинаның айтуынша, бұған дейін оның өт қабы жарылып, ота жасалған. Отадан кейін денсаулығына байланысты жұмыс істеу мүмкіндігі шектелген. Қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында ол суррогат ана болуға бел буған.

Осылайша, бір танысы арқылы Мария есімді азаматшамен танысып, оның көмегімен Грузияға барған. Сол жақта Қытай азаматтарымен келісімшарт жасасып, суррогат ана бағдарламасына қатысуға келіскен.

Фотогалерея5 фото
1/5
2/5
3/5
4/5
5/5
Мадина ұсынған құжаттар

 

«Мен жалғызбасты анамын. Өтім жарылып, ота жасатқаннан кейін жұмыс істей алмай қалдым. Содан осындай қадамға бардым. ЭКО-ны екі рет жасаттық. Біріншісінде нәтиже болмады, екіншісінде эмбрион орнығып, жүктілік сәтті өтті», — дейді Мадина.

 

Клиника келісімшартты бұзуды ұсынған

Мадинаның айтуынша, отаға дейін оның мерез (сифилис) ауруы болған. Алайда ол ем қабылдап, кейін жүкті болған. Жүктілік кезінде медициналық сараптамадан өткенде инфекцияға қатысты көрсеткіштер қайта анықталған.

Әйел мұны бұрынғы инфекциядан қалған белгілермен, сонымен қатар имунитеттің төмендеуімен байланыстырады. Оның сөзінше, осы жағдайдан кейін Грузиядағы «Иннова» клиникасының басшылығы мен дәрігерлері онымен келісімшартты бұзған.

Мадинаның айтуынша, баланың биологиялық ата-аналары да жүктілікке қатысты алаңдаушылық білдіріп, баладан бас тартатынын айтқан. Ал клиника өкілдері оған келісімшартты бұзу туралы құжатқа қол қоюды талап еткен.

 

«Иннова клиникасының дәрігерлері бала ауру болып туылады, алдырып тастау керек деп қоймады. Олар маған келісімшартты бұзу туралы құжатқа қол қоймасаң, өзің тұрып жатқан пәтерден қуып шығамыз деп қорқытты. Грузияда маған баланы дүниеге әкелгенше тұруға үй жалдап берген еді. Баратын жерім де, ақшам да болмады. Сондықтан қорыққанымнан құжатқа қол қойдым», — дейді ол.

 

Әйелдің сөзінше, келісімшартты бұзған жағдайда оған Қазақстанға қайтатын билетін алып беріп, қолына 600 доллар беруге уәде еткен. Ол бұл ақшаны жүктілікті тоқтатуға жұмсауы керек болған.

Алайда Мадина құрсағындағы баладан бас тартуға келіспеген. Ол Қазақстанға оралып, тексерістен өтіп құрсағындағы баланың сау екендігіне көзі жеткен. Содан кейін клиникаға хабарласып бала сау алдырмаймын деген клиника онда 300 доллар ғана береміз деп сол ақшаны ғана салған. Сөйтіп Мадина торсықтай ұл баланы дүниеге әкелген.

Алты айлық баласын бергісі келмейді

Қазір бала алты айға толған. Мадина оны өзі бағып отыр. Әйелдің айтуынша, осы уақыт ішінде сәбиге қатты бауыр басып қалғандықтан, оны басқа біреуге бергісі келмейді.

Ол Қытай азаматтары баланың биологиялық ата-анасы болғандықтан, баланы асырауға қаржылай қатысуы керек деп санайды. Мадина олардың алимент төлеу мүмкіндігін де қарастырғысы келеді.

Әйелдің қолында клиника өкілдерімен жазысқан хаттары, келіссөздерге қатысты өзге де материалдар бар. Сондай-ақ қытай азаматтары Мадинаға сау бала туған жағдайда 16 000 доллар беруі керек еді. Оның сөзінше, бастапқыда барлық мәселені шешуге уәде берген агент кейін байланысты үзген.

Қазіргі уақытта ZTB тілшісі Грузиядағы «Иннова» клиникасына хабарласып, Мадинаның айтқандарына қатысты ресми түсініктеме алуға тырысып жатыр. Клиника басшысы ресми жауап беруге уәде етті. 

Адвокат не дейді?

ZTB тілшісі оқиғаның құқықтық жағын анықтау үшін адвокат Раджан мырзадан пікір алды.

Адвокаттың айтуынша, алдымен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Грузиядағы баланың биологиялық ата-аналары туралы ақпарат алуға қатысты жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Одан кейін сотқа жүгініп, баланы асырауға байланысты міндеттемелерді орындату және алимент өндіру мүмкіндігі қарастырылмақ.

Сондай-ақ тілшіміз Қазақстан азаматтарының шетел азаматтарына суррогат ана болуына заң бойынша рұқсат бар-жоғын сұрады.

Раджан мырзаның айтуынша, Қазақстан азаматтарының шетелдіктерге суррогат ана болуына заң жүзінде толық тыйым салынбаған. Ал ислам дінін ұстанатын кейбір мемлекеттерде суррогат ана болуға қатысты шектеулер бар.

Материалмен бөлісу
Материал авторы Әсем Жәукен Журналист
Барлық материалдар
Келесі лонгрид «Путинге көмектеспеңіз»: Зеленский Трампқа шындықты айтатынын мәлімдеді Қоғам • 1 мин оқу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.