KZ
RU KZ

Министр Ақтауда дәрігерге жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстау облысында медицина қызметкеріне жасалған шабуылға байланысты түсініктеме берді.

Дәрігерге шабуыл
Дәрігерге шабуыл Бейнежазбадан кадр

Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігерге жасалған шабуыл халық арасында резонанс тудырған болатын. Оқиғадан кейін баласын дәрігер дұрыс қарамады деген әке мен баланы қабылдаған хирург те оқиғаға қатысты өз нұсқаларын әлеуметтік желіде жариялады.

«Ата-ананың мұндай қадамға не себепті барғанына тергеу жауап береді. Егер тергеу барысында дәрігердің кінәсі анықталса, оған қатысты да тиісті шешім қабылданады. Қылмыстық іс қозғалды, тараптардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мен ата-ананы да, дәрігерлерді де ақтап отырған жоқпын. Барлығы заң аясында шешілуі керек», — деді Ақмарал Әлназарова 3 қарашада Үкіметтегі брифингте.

Журналистер министрден дәрігерлер тарапынан озбырлыққа жол беріліп, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін қатаң жаза қарастырылғандықтан, пациенттер өз құқықтарын қорғауға қорқып қалмай ма деп сұрады.

«Адам жұмыс орнында болып, өзінің кәсіби міндетін атқарып жатыр. Осындай сәтте оған қол көтеріп, шабуыл жасау дұрыс деп ойлайсыз ба?» — деп жауап берді министр.

Сондай-ақ Ақмарал Әлназарова баланың ата-анасы бұған дейін оны ауруханаға жатқызудан бас тартып, тиісті құжатқа қол қойғанын айтты.

Еске салайық, 1 қарашада Ақтау қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында науқастардың бірінің әкесі мен медицина қызметкері арасында жанжал болған. Кейін баланың әкесі әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, жанжалдың ұлына алғаш медициналық көмек көрсетілген кезде басталғанын түсіндірді. Оның айтуынша, сол уақытта баласының денсаулығына қатысты алаңдаушылық болған.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.