KZ
RU KZ

Әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары әділдік талап етті

Әр жылдары әскерде борышын өтеп жүріп қаза тапқан сарбаздардың аналары ұлдарының өліміне кінәлі адамдардың жазалануын және әділдік орнатуды талап етті.

Әскер
Әскер Фото: aikyn.kz

Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде ұлдарынан айырылған аналар әрбір жағдайды әділ әрі жан-жақты тергеуді, сондай-ақ осындай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеуді талап етті.

"Бүгінгі баспасөз мәслихаты ұлдарымыздың қазасына қатысты. Менің ұлымның иек тұсына екі рет оқ атылған. Екі атыстың арасы 5-6 минут болған. Үшінші жыл қатарынан бұл іс „өз-өзіне қол жұмсау“ бабы бойынша тергеліп келеді. Алайда мұны растайтын ешқандай дәлел жоқ. Керісінше, ұлымның кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарым бар. Сараптама қорытындылары да бар" — деді әскерде қаза тапқан Қайсар Сұлтановтың анасы Сәуле Тілеубергенова баспасөз мәслихатында.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің аналары Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде жүйелі реформалар жүргізу қажеттігін де ашына мәлімдеді.

"Мен тек ұлымның ғана емес, басқа да қаза тапқан балалардың істерін әділ қарауды талап етемін. Қазақстан армиясында осындай жағдайлардың болып жатқаны өте өкінішті. Бізге армия қажет, бірақ бұндай емес. Ұлымның өліміне қатысты істің әділ тергелуін және кінәлілердің жазалануын талап етемін", — дейді  Сәуле Тілеубергенова.

Тікелей эфирде көрсетілген баспасөз мәслихаты барысында Алматыдағы Қазақстанның халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюросының баспасөз орталығында кенеттен электр жарығы өшіп, еліміздің басқа өңірлерінен бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеуі тиіс болған аналармен байланыс үзілген.

Осыған байланысты ұйымдастырушылар баспасөз мәслихатын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Біраз уақыттан кейін жиын қайта жалғасқанымен, электр жарығы тағы да өшіп қалған.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.