Қарағандыда 16 жастағы студент қызды зорлаған бес жасөспірім 5 жылдан астам мерзімге сотталды
2025 жылғы 14 ақпанда караоке-клубтан шыққаннан кейін бойжеткен құрбысымен бірге танысының ұсынысымен оның достары болған пәтерге барған.
Сот анықтағандай, айыпталушылар кәмелетке толмаған қыздың дәрменсіздігін пайдаланып, оны зорлаған.
Үйіне оралған соң ата-анасы қызының көңіл күйі түсіп кеткенін байқаған. Алайда ол болған оқиға туралы бірден айтпаған.
Отбасы бұл жағдайдан оқиға болған түні түсірілген видеоны қатысушылардың бірі таратқаннан кейін хабардар болған. Қыздың әкесінің айтуынша, видеода қызының ес-түссіз әрі жалаңаш жатқаны көрінеді. Сондай-ақ ол таңертең қызын пәтерден шығармай ұстап, белгісіз дәрілер бергенін мәлімдеген.
Сот мәліметінше, айыпталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және іс материалдарындағы басқа да дәлелдермен расталған.
Сот әрқайсысын 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда рақымшылық қолданылғаннан кейін жаза мерзімі 5 жыл 7 ай 15 күнге қысқартылды. Сотталғандар сот залында қамауға алынды.
Қыздың анасы тағайындалған жазаны тым жеңіл деп санайды. Ал сотталғандардың адвокаттары, керісінше, қорғауындағы азаматтардың кінәсі дәлелденбегенін алға тартады.

