KZ
RU KZ

Қазақстанда интернет-блэкаут бола ма? ТЖМ жауап берді

Қазақстанның әлеуметтік желілерінде «қолма-қол ақша шешіп, азық-түлік жинап қойыңыз» деген кезекті конспирологиялық ақпарат қызу таралып жатыр.

Блэкаут
Блэкаут ZTB. ЖИ иллюстрация

Қолданушылар бір-біріне 17 қарашадан бастап әлемде интернет жаппай өшіріліп, бұл жағдай үш айға созылады деген хабарламалар жолдауда.

Жалған ақпарат таратушылар жаппай хакерлік шабуылдар мен банк жүйелерінің бұзылуы мүмкін екенін айтып, халықты шоттарындағы ақшаны шұғыл түрде қолма-қол шешіп алуға, азық-түлік пен ауызсу қорын жинауға шақыруда.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік желілерде тараған дүрбелеңге қатысты жедел түсініктеме беріп, бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

Ведомствоның мәліметінше, министрлік алдағы киберқауіптер, банк жүйелерінің істен шығуы немесе байланыс қызметтерінің өшірілуі туралы ешқандай ескерту жарияламаған және таратпаған.

Сонымен қатар ТЖМ маңызды бір жайтты нақтылады. Құтқарушылар қазақстандықтарға үйде 72 сағатқа жететін азық-түлік, ауызсу және алғашқы қажетті заттар салынған «дабыл сөмкесін» (төтенше жағдайға арналған сөмке) дайындап қоюға үнемі кеңес береді. 

Алайда министрлік мұның төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын стандартты қауіпсіздік ережесі екенін атап өтті. Бұл әдеттегі кеңес. Оның интернетте тараған жалған ақпаратқа немесе түрлі қастандық теорияларына ешқандай қатысы жоқ.

Демек, 17 қарашадан бастап интернет үш айға өшіріледі деген ақпарат — ресми түрде расталмаған жалған хабарлама.

Қазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырамыз.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.