Қонаев қаласындағы мектепте қайғылы оқиға: үшінші қабаттан құлаған оқушы ауруханада көз жұмды
Алматы облысының Қонаев қаласында мектептің үшінші қабатынан құлаған оқушы ауруханада қайтыс болды.
Қайғылы оқиға 16 қараша күні Қонаев қаласындағы «Орта мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, сағат 12:30 бен 13:00 аралығында, сабақ басталмай тұрып, оқушы үшінші қабаттағы баспалдақтың сүйеніш қоршауымен сырғанап бара жатып, тепе-теңдігін жоғалтып, екінші қабаттың баспалдақ алаңына құлаған.
Құлаған бала басынан ауыр жарақат алып, есінен танып қалған. Оны шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізген.
Сол күні кешке дәрігерлер оқушының өмірін сақтап қалу үшін ота жасаған. Алайда барлық күш-жігерге қарамастан, бала 17 қараша күні көз жұмды.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

