Өзбекстан Сенаты баспасөз бостандығына қатысты мәселе бар екенін мойындады
Өзбекстан 2026 жылғы әлемдік баспасөз бостандығы индексінде 180 елдің ішінде 147-орынға тұрақтады.
Былтырмен салыстырғанда ел бір сатыға жоғарылағанымен, жалпы көрсеткіші 34,95 балға дейін төмендеген. Ал 2024 жылдан бері Өзбекстан рейтингте 14 позицияға кері кеткен.
Баспасөз бостандығына қатысты ұзақ мерзімді көрсеткіштердің нашарлауына байланысты ел Сенаты журналистерді қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары тәуелсіздігін арттыру және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспарын бекітті.
Gazeta.uz басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы 15 қазанда Өзбекстан Олий Мажлисі Сенаты кеңесі «Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы рейтингіндегі ел көрсеткішін жақсарту жөніндегі қаулы қабылдаған.
2019–2022 жылдары Өзбекстан баспасөз бостандығы индексінде 36 сатыға көтерілген. Алайда 2024 жылдан бастап ел көрсеткіштері нашарлап, рейтингте 14 орынға төмендеген. 2026 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет 34,95 балл жинады. Халықаралық ұйым елдегі баспасөз бостандығы жағдайын «өте күрделі» деп бағалаған.
Сенат халықаралық ұйым көрсеткен негізгі проблемаларды да атап өтті. Олардың қатарында тәуелсіз жекеменшік телеарналардың жеткіліксіз дамуы, бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік бақылаудың жоғары болуы және кейбір блогерлердің мемлекеттік органдармен тығыз байланысы бар екені көрсетілген.
Сондай-ақ құжатта лауазымды тұлғалардың журналистерге экономикалық қысым көрсету жағдайлары, заңнамалық реформалардың жеткіліксіздігі және мемлекеттік БАҚ-та сыбайлас жемқорлық тақырыбының шектеулі түрде жариялануы мәселелері қамтылған.
Сонымен бірге Сенат халықаралық ұйым Өзбекстанда жүргізілген реформалар мен ақпарат саласындағы оң өзгерістерді жеткілікті деңгейде ескермеген деп санайды.
Жағдайды жақсарту үшін парламент, мемлекеттік мекемелер және үкіметтік емес ұйым өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылған. Бекітілген жоспарға сәйкес, билік журналистер мен блогерлер қызметіне қойылатын заңнамалық шектеулерді қайта қарауды көздеп отыр.
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін қылмыстық қудалау жағдайлары мен бостандыққа шыққан журналистерді ақтау мәселелері зерделенеді. Журналистер арасында өзін-өзі цензуралау, қысым көрсету және кәсіби қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша жыл сайын анонимді сауалнама жүргізу жоспарланған.
Журналистерді қоқан-лоқы мен қудалаудан қорғау тетіктерін жетілдіру, медиаомбудсмен институтын құру және сөз бостандығына тәуелсіз мониторинг жүргізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу де көзделген.
Мемлекеттік органдардың ашықтығына да ерекше назар аударылмақ. Жоспарға сәйкес, мемлекеттік мекемелердің журналистермен өзара жұмыс істеуінің бірыңғай стандарттары әзірленеді. Сонымен қатар мемлекеттік орган басшыларының ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысына баға беріледі.
Өзбекстан билігі «Шекарасыз тілшілер» ұйымына 2026 жылғы есепте жіберілген болуы мүмкін қателіктерге қатысты өз уәждерін көрсетіп, ресми өтініш жолдауды да жоспарлап отыр.
Сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін елге шақырып, оларды тәуелсіз журналистермен кездестіру және жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпарат тарату көзделген.
Қаулыға сәйкес, жауапты мемлекеттік органдар Сенат пен Әділет министрлігіне әр тоқсан сайын атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп отыруы тиіс.
Алайда әзірге жоспарланған шаралардың нақты нәтижесі белгісіз. Баспасөз бостандығы индексіндегі Өзбекстанның көрсеткіштері алдағы уақытта жақсара ма, жоқ па — оны жүзеге асырылатын реформалардың нәтижесі көрсетеді.


