Қазақстан шетелге жұмыс істеуге кететін азаматтарды есепке алып, жұмыс берушілерді бақылайды
Қазақстанда еңбек ету мақсатында шетелге шығатын азаматтарды есепке алу және олардың еңбек көші-қонын бақылау тетігі енгізілмек.
Бұл шара Үкіметтің адам саудасының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі 2027–2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілген.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 28 қазанда қол қойған. Құжат күшіне енді.
Жаңа тетік шетелде жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтардың еңбек қанауына ұшырау қаупін азайтуға және адам саудасының алдын алуға бағытталған. Оны 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
Шетелге жұмысқа кететіндер қалай есепке алынады?
Жоспарға сәйкес, еңбек қызметін атқару үшін шетелге шығатын Қазақстан азаматтарын хабарлама тәртібімен есепке алу функциясы іске қосылады. Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты migration.enbek.kz порталының мүмкіндіктері пайдаланылмақ.
Алайда қаулыда азаматтардың қандай мәліметтерді ұсынуы керектігі, хабарламаны қай уақытта және қандай тәртіппен жіберетіні толық көрсетілмеген. Сондай-ақ тіркеу міндетті бола ма, әлде ерікті түрде жүргізіле ме деген мәселе де әзірге нақтыланбаған.
Ең бастысы, бұл талап шетелге демалысқа, саяхатқа немесе жеке шаруасымен баратын барлық азаматқа қатысты емес. Құжатта еңбек ету мақсатында шетелге шығатын қазақстандықтар туралы айтылған.
Жұмысқа орналастыратын агенттіктер де бақылауға алынады
Үкімет шетелден жұмыс тауып беруге көмектесетін жеке жұмыспен қамту агенттіктері мен делдалдардың қызметін де бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр.
Ол үшін migration.enbek.kz порталында жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің арнайы тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібі әзірленеді.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Сыртқы істер министрлігіне және Ішкі істер министрлігіне мұндай ұйымдардың қызметіне мониторинг жүргізу тапсырылған. Қажет болған жағдайда Қазақстанның Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру шаралары да ұйымдастырылады.
Бұл, әсіресе, азаматтарды шетелге жоғары жалақы уәде етіп жұмысқа жіберетін, бірақ іс жүзінде олардың еңбек құқықтарын бұзуы немесе қанауға ұшыратуы мүмкін делдалдар қызметін бақылауға мүмкіндік беруі тиіс.
Консулдық есепке алу тәртібі де жетілдіріледі
Жоспарда шетелге жұмыс істеуге кеткен қазақстандықтарды консулдық есепке алу жүйесін қайта қарау мәселесі де қамтылған.
Бұл бағытта жауапты мемлекеттік органдар қолданыстағы тетіктерді талдап, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуі керек. Мұндай шара шетелде жүрген азаматтармен байланыс орнатуға және қиын жағдайға тап болған жағдайда оларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстанға жұмыс істеуге келетін шетелдіктердің құқығы да қорғалады
Үкімет жоспары тек шетелге кететін қазақстандықтармен шектелмейді. Қазақстан аумағында еңбек етіп жүрген шетел азаматтары мен еңбек мигранттары құқықтарын қорғау да күшейтілмек.
Оларға заңгерлік және әлеуметтік көмек алу мүмкіндігін қамтамасыз ету, еңбек құқықтары мен қорғану тетіктері туралы ақпарат беру көзделген. Бұған қоса, адам саудасының алдын алу үшін шетелдік жұмысшылардың еңбек және тұрмыстық жағдайына мониторинг жүргізу жоспарланып отыр.
Интернеттегі күмәнді жұмыс ұсыныстары да назардан тыс қалмайды
Жоспарда адам саудасына себеп болуы мүмкін интернет-жарнамалар мен ақпараттық материалдарды бақылау шаралары да қарастырылған. Өйткені әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда шетелде жұмыс істеуге шақыратын, бірақ нақты жұмыс берушісі мен еңбек шарттары көрсетілмеген күмәнді ұсыныстар көбейген.
Мұндай хабарландырулар азаматтарды алдап, оларды мәжбүрлі еңбекке немесе басқа да қанау түрлеріне тарту үшін пайдаланылуы мүмкін.
Жалпы, Үкіметтің 2027–2029 жылдарға арналған жоспары адам саудасының алдын алу, құрбандарға көмек көрсету, еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау және осы саладағы делдалдардың қызметін бақылау бағыттарын қамтиды.
Айта кетейік, жаңа жүйе әзірге жоспарлау кезеңінде. Оның нақты қалай жұмыс істейтіні, азаматтарды есепке алу тәртібі мен талаптары қосымша түсіндіруді қажет ететіні сөзсіз.


