KZ
RU KZ

30 күн уақыт берілді: Елге кірген 23 мың iPhone «қара тізімге» енуі мүмкін

Қазақстанда верификациядан өтпеген 23 мыңға жуық жаңа iPhone смартфоны бұғатталуы мүмкін.

Айфон
Айфон Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, қыркүйек айының соңынан қазан айына дейін, iPhone 18 смартфондары сатылымға шыққаннан кейін, Қазақстан желісінде 279 мың жаңа құрылғы тіркелген. Олардың 85 пайызы елімізде сатып алынып, верификациядан сәтті өткен.

Алайда құрылғыларды тіркеуге берілген өтінімдерді тексеру кезінде күмән тудыратын жағдайлар анықталған. Атап айтқанда, бір ғана IP-мекенжайдан мыңдаған телефонды верификациялауға өтінім берілген. Қазір бұл деректермен құзырлы органдар айналысып жатыр.

Дамир Сейсембековтің сөзінше, аталған смартфондар Қазақстанға шетелден «сұр» дилерлер арқылы заңсыз жолмен әкелінуі мүмкін.

Телефон иелеріне құрылғыларын код сәйкестігінен өткізу үшін 30 күн уақыт беріледі. Осы мерзім аяқталғаннан кейін тексеруден өтпеген смартфондар «қара тізімге» енгізіліп, ұялы байланыс желісінде бұғатталады.

Комитет төрағасы күшіне енген заңнамалық өзгерістерді де еске салды. Оған сәйкес, қазақстандықтар верификациядан өтпеген телефонды кез келген уақытта сатушыға қайтаруға құқылы. Ал сатушылар тұтынушыларға тек верификациядан өткен құрылғыларды сатуға міндетті.

Айта кетейік, Қазақстанда мобильді құрылғыларды верификациялау жүйесі телефондардың IMEI-кодтары арқылы олардың елге заңды жолмен әкелінгенін тексеруге бағытталған. Бұл талап ұялы байланыс желісінде тіркелетін құрылғылардың заңдылығын бақылауға және көлеңкелі импортпен күресуге мүмкіндік береді.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.