Еңбекшіқазақ ауданындағы 20 мектепте бес айдан бері қоқыс шығарылмады: 80 мектепке бөлінген 311 миллион теңге қайда?
Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептерге қатысты ZTB редакциясына атын атамауды өтінген қызметкер хабарласып, көмек сұрады. Ауданға қарасты 20 мектеп қоқысқа көміліп отыр.
Дереккөздің айтуынша, ауданға қарасты 80 мектепке шаруашылық тауарларын сатып алуға бөлінген бюджет қаражаты жыл басынан бері әлі таратылмаған. Бұдан бөлек, 2026 жылдың мамыр айынан бері шамамен 20 мектептің қоқысы шығарылмай отыр.
Бізге ақпарат берген дереккөз аты-жөнін жарияламауды өтінді. Алайда редакцияға өз сөзін растайтын түрлі фотосуреттер, бейнежазбалар мен аудиоматериалдар ұсынды.
Мұғалімдер қоқысты өз ақшасына шығаруға мәжбүр
Дереккөздің мәліметінше, биыл мамыр айынан бері аудандағы бірқатар мектепте қоқыс шығару мәселесі шешілмеген. Алдымен бұл қызметті атқарған мердігер ұйымдармен келісімшарт мерзімі аяқталған. Алайда содан кейін жаңа тендер өткізіліп, қоқыс шығару қызметі қайта ұйымдастырылмаған көрінеді.
"Мектептерде жиналған қоқысты мұғалімдер өзара ақша жинап, бірнеше рет шығаруға мәжбүр болды. Кейбір мектептерде қоқысты өртеген жағдайлар да тіркелген", —дейді қызметкерлердің бірі.




Дереккөздің айтуынша, қазір шамамен 15 мектептегі жағдай белгілі. Бірақ аудан бойынша мәселе бұдан да ауқымды болуы мүмкін.
311 миллион теңгеге жоспарланған шаруашылық тауарлары неге сатып алынбаған?
Дереккөздің айтуынша, кеңсе тауарлары мен шаруашылық заттарын сатып алуға арналған 311 миллион теңге мемлекеттік сатып алу порталы жоспарына биыл мамыр айында енгізілген. Бұл қаражат мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына қажетті материалдар мен күнделікті шаруашылық тауарларын сатып алуға қарастырылған.

Алайда білім бөлімі басшысы тарапынан тек жөндеу жұмыстарына қажетті материалдарды сатып алу бойынша конкурс жарияланған. Ал қалған шаруашылық тауарларын сатып алудан бас тартылған. Соның салдарынан бүгінгі күнге дейін мектептерге сабын, еден жуатын құралдар және басқа да қажетті заттар алынбаған.
«Қаражат бөлінгеніне қарамастан, шаруашылық тауарлары әлі сатып алынған жоқ. Қызметкерлер қажетті заттарды өз қалтасынан алуға мәжбүр. Тіпті сабын мен тазалық құралдарын үйлерінен тасып жүр», — дейді дереккөз.
Осылайша, мектептердің күнделікті қажеттіліктеріне арналған қаражаттың не себепті игерілмегені және сатып алудан бас тарту туралы шешімді кім қабылдағаны жөнінде сұрақ туындайды.
Редакцияға ұсынылған аудиожазбаларда қызметкерлердің осы жағдайға байланысты шағымдары да естіледі. Олардың сөзінше, мектептің күнделікті тазалығын қамтамасыз ету үшін қажетті заттарды өздерінің алып келулеріне тура келеді.
Егер бұл мәліметтер расталса, бюджеттен бөлінген қаражаттың не себепті мектептерге уақытылы жетпегені және оның қазіргі уақытта қайда сақталып отырғаны туралы сұрақ бар.
Тендер аяқталды, қоқыс шығару тоқтады
Дереккөздің айтуынша, қоқыс шығару қызметіне де мемлекет бюджетінен қаражат бөлінеді. Бұл бағытта білім бөлімі тендер өткізіп, мектептерден қоқыс шығарумен айналысатын компаниялармен келісімшарт жасасуы керек.
Алайда биыл мамыр айына дейін ғана қоқыс шығарылған. Одан кейін мердігермен келісімшарт аяқталып, жаңа келісімшарт жасалмағандықтан, мектептерде қоқыс жиналып қалған.





Осы тұста бірнеше маңызды сұрақ туындайды: жаңа тендер не себепті уақытында өткізілмеді? Қоқыс шығару қызметіне бөлінген қаражат қайда кетті? Ал санитарлық жағдайға кім жауап береді?
Бізге белгілі болғаны — шамамен 15 мектепте қоқыс шығару мәселесі бар. Ал ауданға қарасты қалған мектептердегі жағдай қандай? Олар қоқысты қайда және қалай шығарып жатыр?
Пештерге қызмет көрсетуге бөлінген қаражат та дауға айналды
Дереккөз мектептердің жылыту жүйесіне қатысты да бірқатар мәселені баяндады. Оның айтуынша, жыл басында мектеп пештеріне техникалық қызмет көрсету үшін мердігермен келісімшарт жасалған. Алайда мердігер өзіне жүктелген жұмысты орындамаған. Сол себепті күзде жылыту маусымы басталған кезде мектептердің пештері дайын болмай шыққан.
«Пештерге қызмет көрсету үшін жыл басында білім бөлімінің басшысының таныс мердігерімен келісімшарт жасалған. Бірақ ол жұмысын істемеген. Күзде от жағу маусымы басталғанда пештер дайын болмай шықты. Жаңа келісімшарт жасау үшін бірінші мердігердің жұмысын қабылдау керек болды. Сол кезде білім бөлімінің басшысы директорларға телефон соғып, орындалмаған жұмысқа қол қойғызып, ақшасын төлеткізді», — дейді дереккөз.
Дереккөздің мәлімдеуінше, жаңа мердігермен келісімшарт жасау үшін алдымен бұрынғы мердігердің жұмысын қабылдау мәселесі шешілуі керек болған. Осы тұста білім бөлімінің басшысы мектеп директорларына хабарласып, орындалмаған жұмысқа қатысты құжаттарға қол қойғызып, төлем жасатқызғаны айтылады.
Редакция: Тілшіміздің қолындағы аудиожазбалар, фотосуреттер мен видеоматериалдар осы мәселелерді тексеруге негіз болып отыр. Біздің тілшіміз Алматы облысы Білім басқармасының «Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне байланысқа шығып, өз сұрауларын жолдады. Енді ауданның білім бөлімі мен жауапты мемлекеттік органдардан нақты түсініктеме күтеміз. Екінші тараптың да дәйекті дәлелі мен нақты жауаптарын жариялауға дайынбыз.
Барлық материалдар


