KZ
RU KZ

АҚШ Конгресі Пентагон басшысына импичмент жариялау туралы қарар жобасын әзірлеп жатыр

АҚШ Конгресінде Қорғаныс министрі Пит Хегсетке импичмент жариялау туралы қарар жобасы таныстырылды.

Пит Хегсет
Пит Хегсет Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

Құжат авторы — Өкілдер палатасының Республикалық партиядан сайланған мүшесі Томас Мэсси. Ол Пентагон басшысын Иранмен соғысқа байланысты өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптап отыр.

9 қараша, дүйсенбі күні АҚШ Конгресіне Қорғаныс министрі Пит Хегсетке импичмент жариялау туралы қарар жобасы енгізілді. Құжатты Республикалық партияның өкілі Томас Мэсси ұсынған. 

34 беттен тұратын құжат сегіз баптан құралған. Оның үшеуі Иранмен соғысқа қатысты. Мэссидің пікірінше, Хегсет Конгрестің рұқсатынсыз әскери қимыл бастаған.

Қарар жобасында Йемендегі әскери операциялар, АҚШ әскерінің Кариб теңізінде есірткі тасымалдаушылардың кемелеріне соққы жасағаны туралы мәлімдемелер және Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқындау мәселелері де қамтылған.

«Хегсет соғыс жариялау құқығына қатысты Конгресс қарарларын елемей, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып отыр. Шетел көшбасшыларын ұрлауға және Трамп әкімшілігін сынағандарды сөз бостандығын пайдаланғаны үшін қудалап, қорқытып отыр», — деді Томас Мэсси.

АҚШ президенті Дональд Трамп Хегсетті қызметінен босату туралы бастамаға пікір білдіріп, Қорғаныс министрінің «өте жақсы жұмыс атқарғанын» мәлімдеді. 

Мэссидің ұсынысын Өкілдер палатасы осы аптада қарауы мүмкін. АҚШ парламенті төменгі палатасында импичмент рәсімін бастау үшін депутаттардың жай көпшілік дауысы жеткілікті. Егер қарар мақұлданса, мәселе Сенат қарауына жіберіледі. Онда Қорғаныс министрін қызметінен босату үшін сенаторлардың үштен екісінің қолдауы қажет болады.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.