Алматыда қысқы Олимпиада өткізіле ме? Министр қабылдау мүмкіндігі туралы айтты
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қаланың халықаралық деңгейдегі ірі спорттық доданы қабылдау мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
Алматы болашақта қысқы Олимпиада ойындарын өткізуі мүмкін. Минстрдің айтуынша, алдымен 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, содан кейін Олимпиада өткізу мәселесін қарастыруға болады.
Бұл туралы министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрағына жауап бергенде айтты.
Ведомство басшысының сөзінше, қазір Алматы 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындалып жатыр. Халықаралық жарысқа әзірлік аясында қаладағы қолданыстағы спорт нысандары жаңғыртылып, тау кластері инфрақұрылымы жетілдірілуде. Соның ішінде биік тауда орналасқан «Медеу» спорт кешенінде де жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Министрдің айтуынша, Азия ойындарын өткізу үшін жаңа ірі спорт нысандарын салудан гөрі, қолда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалану және оны халықаралық талаптарға сәйкестендіру көзделген. Сонымен қатар 2029 жылға қарай Алматының тау кластерін дамыту жұмыстары аяқталуы тиіс.
«Азия ойындары өткеннен кейін қысқы Олимпиада өткізу туралы ойланған дұрыс шығар», — деді Ербол Мырзабосынов.
Алматының қысқы спорт жарыстарын өткізу тәжірибесі де бар. Қала 2011 жылы Астана қаласымен бірге қысқы Азия ойындарын қабылдады. Ал 2017 жылы Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға қожайындық етті. Бұл жарыс кезінде қалыптасқан спорттық инфрақұрылым мен ұйымдастырушылық тәжірибе алдағы халықаралық додаларға дайындық кезінде маңызды артықшылық саналады.
Биыл шілде айында Азия Олимпиадалық кеңес өкілдері Алматыға арнайы инспекциялық сапармен келіп, 2029 жылғы Азия ойындарына дайындық барысын тексерді. Делегация «Медеу», «Шымбұлақ», «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені, Halyk Arena, Almaty Arena және Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының жағдайымен танысты. Сондай-ақ қонақүйлердің сыйымдылығы, көлік қатынасы, жарыс нысандарына қолжетімділік және спортшыларды орналастыру мәселелері қаралды. Инспекция қорытындысында Алматының спорттық инфрақұрылымы мен дайындық барысына оң баға берілген.
Айта кетейік, Алматы 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына 2026 жылғы 5 ақпанда ресми түрде ие болды. Қабылдаушы қала туралы келісімге Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани Милан қаласында қол қойған.
Ал қысқы Олимпиада ойындарын өткізу үшін қалаға тек спорт нысандарының болуы жеткіліксіз. Халықаралық талаптарға сай инфрақұрылым, көлік жүйесі, қонақүй қоры, қауіпсіздік, қаржыландыру және жарыстарды ұйымдастыру мүмкіндіктері ескеріледі. Бұдан бөлек, Қазақстан Халықаралық Олимпиада комитетіне өтінім беріп, қабылдаушы елді анықтау рәсімінен өтуі керек.
Қазіргі таңда 2030 жылғы қысқы Олимпиада Француз Альпілерінде, ал 2034 жылғы ойындар АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтеді. 2038 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге Швейцария үміткер ретінде қарастырылып отыр. Халықаралық Олимпиада комитеті бұл елмен арнайы келіссөз жүргізіп жатыр, алайда ойындарды қабылдау құқығы әлі түпкілікті берілген жоқ.
Осылайша, Алматының қысқы Олимпиада өткізу мүмкіндігі әзірге нақты шешім емес. Дегенмен 2029 жылғы Азия ойындары қаланың халықаралық спорттық жарыстарды ұйымдастыру әлеуетін тағы бір мәрте көрсетуге мүмкіндік береді. Егер дайындық жұмыстары сәтті аяқталып, қажетті инфрақұрылым қалыптасса, болашақта қысқы Олимпиадаға өтінім беру мәселесі де күн тәртібіне шығуы мүмкін.


